Accessibility links

Путин президент сайлауына дауыс берді


Владимир Путин сайлау учаскесінде. Мәскеу, 18 наурыз 2018 жыл

Ресей президенттігіне кандидат әрі қазір мемлекетті басқарып отырған Владимир Путин жексенбі күні президент сайлауына дауыс берді деп хабарлайды "Интерфакс". Путин өткен жылдардағы әдетінен жаңылмай, бұл жолы да Ресей ғылым академиясы ғимаратындағы сайлау учаскесінде дауыс берген.

Сайлау бюлеттенін жәшікке салған соң Путин осы сайлауда ұсынған бағдарламасының дұрыстығына сенімді екенін және президент міндетін атқаруына мүмкіндік беретін дауыс саны қанша болса да көңілі толатынын айтқан. Бұған дейін Кремль президент сайлауында "негізгі кандидатқа" сайлаушылардың 70 пайызы қолдау білдіреді деп үміттенетіні туралы хабарланған.

Бүгін бүкіл Ресей аумағында – Қиыр Шығыстан бастап Калининградқа дейінгі аралықта ашылған сайлау учаскелерінде, сонымен бірге шетелдерде ұйымдастырылған сайлау учаскелерінде Ресей азаматтары президент сайлауына дауыс беріп жатыр. Билік сайлаушылардың дауыс беруге белсенді қатысып жатқаны туралы мәлімдеген.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Камчаткада жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ге қарай сайлаушылардың 63 пайызы, Чукоткада – 76 пайызы дауыс берген. Тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру барысында бұрмалаушылықтарды тіркеген. Мысалы, сайлау учаскелерінде бейнекамералардың сайлау жәшігінен тым алыс орналастырылғаны, сайлаушылар тізіміне қайтыс болған кісілердің аты-жөні енгізілгені және бюджет қызметкерлерін дауыс беру үшін сайлау учаскелеріне ұйымдастырып әкеп жатқаны туралы хабарлаған.

Бұл жолғы Ресей президенті сайлауына қазір осы қызметте отырған Владимир Путинмен бірге Сергей Бабурин ("Российский общенародный союз" партиясынан), Павел Грудинин (Ресей Федерациясы коммунистік партиясынан), Владимир Жириновский (Ресей либерал-демократиялық партиясынан), Ксения Собчак ("Гражданская инициатива" партиясынан), Максим Сурайкин ("Коммунисты России" партиясынан), Борис Титов ("Партия роста" саяси ұйымынан) және Григорий Явлинский ("Яблоко" партиясынан) түсіп жатыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG