Жексенбі күні Мәскеу уақытымен сағат 14:00 кезінде сайлаушылардың 34,72 пайызы Ресей президентін сайлауға қатысып, дауыс берді деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясы.
Сайлау комиссиясы дауыс беру барысында елеулі бұрмалаушылық байқалмағанын айтады. "Ұсақ-түйек кемшіліктерге байланысты прокуратураға 200, аймақ басшыларына – 40-тан аса, Тергеу комитетіне - бес арыз-өтініш жолданғаны" хабарланды. Ресей Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Элла Памфилованың сөзінше, осы мекемеге алты мыңнан аса рет телефон соғып, арыз-өтініштер түскен. Бақылаушылар дауыс беретін жерге сайлаушыларды ұйымдастырған түрде жаппай әкеліп жатқаны, кей сайлау учаскелеріне бақылаушыларды кіргізбей қойғаны, тағы бір сайлау учаскелерінде жәшіктердің мөлдір емес заттан жасалғаны туралы шағымданған. Бұған дейін Памфилова Орталық сайлау комиссиясы сайтына хакерлік шабуыл жасалғаны туралы хабарлаған.
Ресейдің Қиыр Шығыс, Приморье, Саха республикасы, Забайкалье мен Амур өңірлерінде дауыс беру аяқталған. Ол аймақтарда сайлау комиссиялары дауыс санауға кіріскен.
Украинада Ресейдің Киевтегі елшілігін темір шарбақпен қоршап тастаған. Полиция мен Украина ұлттық гвардиясы Ресей президенті сайлауына дауыс беруге келген ресейліктерді елшілік аумағына кіргізбей қойған. Ал елшілік қызметкерлері мен учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің ғимаратқа кіруіне бөгет жасамаған. Львов, Харьков пен Одесса қалаларындағы Ресей бас консулдықтары алдында пикеттер өткен.
Грузиядағы ресейліктер де дауыс беруге қатыса алмаған. "Швейцарияның Грузиядағы елшілігі жанындағы Ресей мүддесі секциясының" қызметкерлері мұны екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас жоқ болғандықтан деп түсіндірген.
Қазақстанда тұратын ресейлік азаматтар наурыздың 18-і күні президент сайлауына елде ұйымдастырылған 18 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ресей Қазақстаннан жалға алған Байқоңыр ғарыш айлағындағы Байқоңыр қаласында жеті сайлау учаскесі жұмыс істеді. Алматыдағы Ресей бас консулдығына таңертең дауыс беруге келген сайлаушылар ұзын-сонар кезекке тұрды. Ресей сыртқы істер министрлігі дерегінше, Қазақстанда 73 мың ресейлік тұрады.