Accessibility links

Ресей сайлаушыларының 50 пайыздан астамы дауыс берген


Храброво әуежайында дауыс беріп тұрған сайлаушы. Калининград облысы, Ресей, 18 наурыз 2018 жыл
Храброво әуежайында дауыс беріп тұрған сайлаушы. Калининград облысы, Ресей, 18 наурыз 2018 жыл

Мәскеу уақытымен бүгін сағат 17:00-де ресейлік сайлаушылардың 50 пайыздан астамы президент сайлауына дауыс берді деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясы жетекшісінің орынбасары Николай Булаев. Ресми дерек бойынша Ресейдің шығысындағы аймақтарда сайлау аяқталып, дауыс санау жалғасып жатыр.

Орталық сайлау комиссиясы әзірше дауыс беру барысында елеулі бұрмалаушылықтар болғаны туралы хабарлаған жоқ. Бұған дейін жүздеген "ұсақ-түйек" кемшіліктер туралы арыз-өтініштер прокуратураға жолданғаны туралы хабарланған.

Бақылаушылар дауыс беретін жерге сайлаушыларды ұйымдастырған түрде жаппай әкеліп жатқаны, сайлау жәшіктеріне бюллетеньдерді топтап тастағаны, сайлау учаскелерінде бейнекамералардың сайлау жәшігінен тым алыс орналастырылғаны, сайлау учаскелеріне бақылаушыларды кіргізбей қойғаны, кей сайлау учаскелерінде жәшіктердің мөлдір емес заттан жасалғаны туралы шағымданған.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы жетекшісі Элла Памфилова осы мекеменің ресми сайтына хакерлік шабуыл жасалғаны туралы хабарлаған.

Украинада Ресейдің Киевтегі елшілігін темір шарбақпен қоршап тастаған. Полиция мен Украина ұлттық гвардиясы Ресей президенті сайлауына дауыс беруге келген ресейліктерді елшілік аумағына кіргізбей қойған. Ал елшілік қызметкерлері мен учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің ғимаратқа кіруіне бөгет жасамаған. Львов, Харьков пен Одесса қалаларындағы Ресей бас консулдықтары алдында пикеттер өткен.

Грузиядағы ресейліктер де дауыс беруге қатыса алмаған. "Швейцарияның Грузиядағы елшілігі жанындағы Ресей мүддесі секциясының" қызметкерлері мұны екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас жоқ болғандықтан деп түсіндірген.

XS
SM
MD
LG