Пхеньян Вашингтонмен және Стокгольммен Солтүстік Корея аумағында тұтқында отырған америкалық үш азаматты босатып алу мүмкіндігін талқылап жатыр. Оңтүстік Кореяның MBC қоғамдық хабар тарату корпорациясының хабарлауынша, америкалық азаматтар Ким Хак Сон, Ким Сан Дук және Ким Чон Чхолені босатуға қатысты келісім "ендігі іс жүзінде жасалды" деуге болады. Қазір оларды бостандыққа шығару мерзімі жайы талқыланып жатыр.
БАҚ-тың мәліметінше, бұл мәселе бойынша диалогты Солтүстік Кореяның БҰҰ-дағы өкілдігі мен АҚШ Мемлекеттік департаменті жүргізіп жатыр. Бұл жайт Солтүстік Корея сыртқы істер министрі Ли Ен Хоның Стокгольмге сапарында және оның Швеция сыртқы істер министрі Маргот Валльстреммен кездесуінде талқыланған. Пхеньяндағы америкалық азаматтардың мүддесін Швеция елшілігі қорғайды.
9 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен келіссөз жүргізуге келіскен. Кейбір ақпарат бойынша, кездесу мамырда өтуі мүмкін.