Accessibility links

Жоғарғы сот пен бас прокурордан Әсет Матаев ісін бақылауға алуды сұрады


Адвокат Андрей Петров (сол жақта), Сейітқазы Матаев (ортада) және Әсет Матаев. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.
Адвокат Андрей Петров (сол жақта), Сейітқазы Матаев (ортада) және Әсет Матаев. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Наурыздың 19-ы күні Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бұрынғы директоры Әсет Матаевтың адвокаты Андрей Петров баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында Сейітқазы Матаев пен Андрей Петров Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов пен бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа "сот Әсет Матаевқа қатысты негізсіз шешім шығарғанын" айтып, істі өз бақылауына алуға өтініш білдіріп ашық хат жолдады.

Жиынға келген адвокат Петров соттың бұл шешімі заңсыз әрі негізсіз екенін айтады.

- Мен сот Әсет Матаевтың өтінішін қанағаттандырмауда нені негіз ететінін білмеймін. Заңда жазаны жеңілдетпеуге бірнеше себеп қана бар. Бірінші, егер айыпталушы өте ауыр я экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыс жасаса, болмаса өлім жазасына кесілсе, я ол өмір бойы бостандығынан айырылса ғана жеңілдетілмейді. Әсеттің ісі мұның ешқайсына жатпайды, - дейді Андрей Петров.

Әсеттің әкесі, былтыр желтоқсанда шартты түрде босап шыққан Сейітқазы Матаев соттың жазаны жеңілдетпеуінің астарынан саяси астары бар болуы мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, билік өзін "халықаралық ұйымдар алдындағы имижді үшін" босатқанымен, ұлын "кепіл ретінде ұстап отыр".

2016 жылы қазанның 3-інде Астана соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "салықтан жалтарды және қаржы жымқырды" деп айыптап, алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевты "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды және істі "тапсырыспен жасалған" деп біледі.

Оқи отырыңыз: Журналистер одағының төрағасы бостандыққа шықты

Қапшағай қалалық соты 16 наурыз күні 33 жастағы Әсет Матаевтың жазасын жеңілдетіп, жазасының қалған мерзімін қоныс колониясында (жаңа қылмыстық-атқару кодексі бойынша қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесі) өтеу туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Судья сот шешіміне 15 күн ішінде шағымдануға болатынын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG