Accessibility links

Ratel.kz сайты "доменді тіркеу ережесін бұзған соң" ашылмай қалды


Марат Әсіпов, Ratel.kz сайтының редакторы.
Марат Әсіпов, Ratel.kz сайтының редакторы.

Қазақстанда кешеден бері Ratel.kz сайты ашылмай тұр. Kz доменінің операторы Қазақ желілік ақпараттар орталығы (KazNIC) сайт Қазақстан қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі комитетінің сұрауы бойынша ашылмай тұрғанын айтады.

"Бізге қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінен аталған доменнің домендік атауларды пайдалану және бөлу ережесін бұзғаны туралы ескерту хат келді" деді Азаттыққа KazNIC компаниясының өкілі.

Комитет интернеттің Қазақстандық сегментінде домендік атауларды тіркеу, пайдалану және бөлу ережесінің 17-пунктінің 1-бөлімі бойынша әрекет еткенін айтады. Бұл ереже бойынша, Қазақстанда интернетте домендік атауларды пайдалану тіркеуге өтініш беруші домендік атауларды тіркеу кезінде толық емес немесе қате мәлімет бергені анықталған жағдайда тоқтатылады.

Сайт редакторы Марат Әсіповтың Азаттыққа айтуынша, сайт 19 наурыздың кешінен бері ашылмай қалған.

- Сайттың не себептен ашылмай тұрғанын біле алмай жатырмыз. Сайттағы материалдарға қатысты ешкім ескерту жасап, қандай да бір материалдарды алып тастаңдар деп хат жолдаған емес, - деді Марат Әсіпов.

Редактор Ratel.kz сайты ашылмай тұруына байланысты материалдар балама Balborsyk.kz сайтында жарияланып жатқанын айтады.

Balborsyk.kz сайтындағы хабарламада Ratel.kz сайтын "уәкілетті орган бұғаттағаны" және қазір сайт редакциясы мұның себебін анықтап жатқаны айтылады.

Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметке қарағанда, Ratel.kz домені Геннадий Бендицкий деген жеке адамның атына тіркелген.

Ratel.kz сайтын құрушылардың бірі, белгілі журналист Геннадий Бендицкий былтыр 3 желтоқсанда ауыр сырқаттан Беларусь астанасы Минскіде қайтыс болған. Марқұм 6 желтоқсанда Алматыда жерленген.

XS
SM
MD
LG