Accessibility links

Telegram компаниясы Еуропалық адам құқығы сотына жүгінді


Telegram Messenger компаниясы Еуропалық адам құқығы жөніндегі сотқа шағым түсірді. Бұл туралы адвокатқа сілтеме жасап "Ведомости" басылымы хабарлады. Бұған дейін Ресей соты Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) мессенджер қолданушыларының хат-хабарын сырт көзден жабық ұстайтын шифр кілтін беруден бас тартқан компанияға 800 мың рубль көлемінде айыппұл салған. Ресей Жоғарғы соты компанияның ФСБ-ге қарсы арызын қабылдамай тастаған.

Шағымда компанияны әкімшілік жауапқа тарту ақпаратты биліктің араласуынсыз еркін тарату бостандығын бұзатындығы, биліктің қойған талабы Адам құқығы жөніндегі халықаралық конвенцияға қайшы келетіні айтылған.

Наурыздың 20-сы күні "Роскомнадзор" мекемесі Telegram Messenger компаниясына заң талабын орындау қажеттігін және хат-хабарларды жабық ұстайтын шифр кілтін Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне беруді ескертіп хабарлама жолдаған. Компанияға билік талабын орындауға 15 күн мұрсат берілген. Аталған мерзім өткеннен кейін "Роскомнадзор" мекемесі Telegram Messenger қызметін Ресей аумағында бұғаттауды сұрап сотқа жүгіне алады. Компания негізін қалаушы Павел Дуров Telegram Messenger адамдардың еркіндігі мен жеке өміріне қатысты деректер құпиясын қорғауды жалғастыра беретіні туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG