Accessibility links

Ресейлік кей БАҚ тілшілерін парламенттен шақырып алды


"Дождь" телеарнасының продюсері Дарья Жук (сол жақта) пен ВВС-дің Орыс қызметінің тілшісі Фарида Рустамова. Мәскеу, 21 наурыз 2018 жыл
"Дождь" телеарнасының продюсері Дарья Жук (сол жақта) пен ВВС-дің Орыс қызметінің тілшісі Фарида Рустамова. Мәскеу, 21 наурыз 2018 жыл

Ресейдің "Эхо Москвы" радиостанциясы Ресей Мемлекеттік думасындағы журналистерін кері шақырып алу туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы ақпарат құралының бас редакторы Алексей Венедиктов Telegram мессенджерінде хабарлаған. "Эхо Москвы" сексуалды сипаттағы қысым құрбандарымен ынтымақта болады және осының қарсаңында депутаттық этика жөніндегі комиссияның шығарған шешімінен көңіліміз қалды деген ол.

Бұған дейін депутаттық этика жөніндегі комиссия бірнеше журналист әйел өздеріне көңілдес болу туралы ерсі сөздер айтты деп айыптаған Мемлекеттік думаның халықаралық істер жөніндегі комитеті басшысы, Ресей либерал-демократиялық партиясынан сайланған депутат Леонид Слуцкийдің қылығынан ереже бұзатын ештеңе табылмағаны туралы шешім шығарғаннан кейін "Дождь" телеарнасы Мемлекеттік думадағы жұмысын тоқтатқан. Депутат Леонид Слуцкийдің журналистерге қатысты оғаш қылығы туралы алғаш болып мәселе көтерген телеарна редакциясы Мемлекеттік думаның этика жөніндегі комиссиясының шешімін қорлау деп бағалаған. Сәрсенбі күні РБК медиа-холдингі Мемлекеттік думадағы журналистерін қайтарып алатыны туралы мәлімдеген.

"Коммерсантъ" баспа үйі депутат Леонид Слуцкий және Мемлекеттік думаның этика жөніндегі комиссиясымен жұмыс істеуді доғаратынын жариялаған.

Наурыздың 21-і күні Мемлекеттік думаның этика жөніндегі комиссиясы депутат Леонид Слуцкийдің іс-қылығынан ешқандай заң бұзушылық анықталмағанын мәлімдеп, депутаттың үстінен сексуалдық қысым туралы шағым түсірген журналистерге құқық органдарына арыздануға кеңес берген. Слуцкийді "сексуалдық сипаттағы ерсі қылықтарға барды" деп ВВС-дің Орыс қызметінің тілшісі Фарида Рустамова, RTVI телеарнасы бас редакторының орынбасары Екатерина Котрикадзе және "Дождь" телеарнасының продюсері Дарья Жук айыптаған. ВВС саясаткердің журналист әйелмен әңгімесі жазылған аудиотаспа мәтінін жариялаған.

Леонид Слуцкийдің өзі бұл айыптауларды жоққа шығарып, "сандырақ" деп атаған.

XS
SM
MD
LG