Accessibility links

Надежда Савченконы "төңкеріске дайындық" айыбымен ұстады


Надежда Савченко
Надежда Савченко

Украина билігі Киевте халық депутаты Надежда Савченконы "мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалған" деген күдікпен ұстаған. Бейсенбі күні Украина парламент Савченконы ұстап, үстінен қылмыстық іс қозғау және тұтқынға алу туралы Бас прокуратураның ұсынысына көпішілік дауыспен келісім берген.

Жоғарғы Радада өз мәселесі бойынша дауыс беру аяқталғаннан кейін бұрынғы әскери ұшқыш Савченко есік алдындағы туыстары мен жақтастарына шығып, олармен сөйлескеннен кейін қайтадан парламентке кіргенде ұсталған.

Украина бас прокуроры Юрий Луценконың сөзінше, Надежда Савченко қазір тұтқында отырған "Офицерлер корпусы" ұйымының жетекшісі Владимир Рубанмен бірге әрекет еткен. Прокуратура оларға "конституциялық құрылысты күшпен өзгертіп, билікті басып алу мақсатында астыртын сөз байласу", "терактіге дайындалу", "Украина президенті, премьер-министрі, Министрлер кабинеті мүшелері, халық депутаттары мен саяси партиялар жетекшілерінің өміріне қастандық", "ДХР" террорлық ұйымының іс-әрекетіне болысу", "қару заңсыз сатып алу, сақтау және өзгеге беру" айыптарын тағып отыр.

Украина билігі "Рубан мен Савченкодан төңкеріс жасауға қатысу туралы ұсыныс алғаны жөнінде хабарлаған украиналық әскерилердің арқасында астыртын сөз байласушылар әшкереленді" деп мәлімдейді.

Бас прокуратура Жоғарғы Радада Савченкоға қатысты мәселені дауысқа қояр алдында тергеу орындарының қолындағы айғақ саналатын аудио және бейнетаспаларды жариялаған. Видеолардың бірінде Савченко, Рубан және "Березень" деген лақап есімі бар офицердің 2017 жылғы желтоқсанның 1-і күні Украина қарулы күштерінің Хмельникідегі арнайы мақсаттағы бөлімшесі командирінің кабинетінде болған әңгімесі жазылған. Тергеушілердің болжамы бойынша, астыртын сөз байласушылар дәл осы әскери бөлімшеге "Донецк халық республикасы" ("ДХР") террорлық ұйымынан қару-жарақтың алғашқы бөлігін әкелген. Әлгі видеода Украина билігін құлату варианттарын талқылағаны жазылған.

XS
SM
MD
LG