Accessibility links

Сирияда оппозициялық топтардың бірі Шығыс Ғутадан кетті


Сирия үкіметі көтерілісшілерді Шығыс Ғутадан эвакуациялауға бөлген автобустар. Сирия, 13 наурыз 2018 жыл
Сирия үкіметі көтерілісшілерді Шығыс Ғутадан эвакуациялауға бөлген автобустар. Сирия, 13 наурыз 2018 жыл

Сириядағы қарулы оппозициялық топтардың бірі Шығыс Ғутаны тастап шыққан соң, олар бақылауда ұстаған территорияның бір бөлігі үкімет күштерінің қарауына өткен. Reuters мәліметінше, Шығыс Ғутадан барлығы 30-ға жуық автобус шығып кеткен. Сириялық ақпарат құралдары әлгі көліктерде мың жарымға тарта адам болған, олардың 400-ге жуығы "Ахрар аш- Шам" тобының жасағы деп хабарлады.

Жоспар бойынша, Шығыс Ғутадан барлығы мың жарымға жуық көтерілісші және олардың отбасындағы алты мыңнан аса адамды шығуы тиіс. Олар үкімет автобустарымен Идлиб провинциясына жеткізіледі деп хабарланған.

Соңғы бірнеше аптада Сирияның үкімет күштері 2012 жылдан бері қарулы оппозиция бақылауында болып келген Шығыс Ғутаға қарсы ірі шабуыл операциясын жүргізген. Сириялық адам құқығын қадағалау жөніндегі орталықтың мәліметінше, президент Башар Асадтың әскері оппозиция бақылауда ұстап келген территорияның 80 пайыздан астамын өзіне қаратып алған.

XS
SM
MD
LG