Accessibility links

Шымкентте апелляциялық сот "террорлық топ құрушы" ісін қарап жатыр


Оңтүстік Қазақстан облыстық соты
Оңтүстік Қазақстан облыстық соты

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы "террорлық топ құру" айыбымен жеті жылға бас бостандығынан айырылған Ерболат Айтахуновқа тағайындалған жаза мерзіміне наразылық білдірген прокуратураның талабын қарауды бастаған. Бұл туралы жергілікті otyrar.kz сайты хабарлады.

Аудандық прокуратура 46 жастағы Ерболат Айтахуновқа 11 жыл түрме жазасын тағайындауды сұраған. Апелляциялық сот алқасының алғашқы отырысы бейнебайналыс арқылы өткен. Сот әлі жалғасады деп хабарланды.

Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты наурыздың 2-і күні Ерболат Айтахуновты 1997 жылғы редакциядағы Қылмыстық кодекстің 233-бабының 2-бөлімі ("Террорлық топ құру, оған басшылық жасау және оның қызметіне қатысу") бойынша айыпты деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Прокуратура үкіммен келіспей, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген.

Тергеу материалдары бойынша, 2010 жылы өз бастамасымен Ауғанстанға аттанған Ерболат Айтахунов "экстремистер жағында соғысуды мақсат еткен". Оны 2017 жылы Түркияда ұстап, кейін Қазақстанға экстрадициялаған.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Бүркіт Байдуллаев аудандық соттағы процесс кезінде сотталушы Ербол Айтахунов "тағылған айыпты толық мойындады" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG