Accessibility links

Францияда оққа ұшқан терроршының "сыбайласы" ұсталды


Қарулы қылмыскер адамдарды кепілге алған сауда орталығы алдында тұрған полиция қызметкерлері. Треб, Франция, 23 наурыз 2018 жыл
Қарулы қылмыскер адамдарды кепілге алған сауда орталығы алдында тұрған полиция қызметкерлері. Треб, Франция, 23 наурыз 2018 жыл

Францияның оңтүстігіндегі Треб қаласында полиция наурыздың 23-індегі терактіге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен бір әйелді ұстаған. Бұл туралы терактінің жай-жапсарын тексеруге жетекшілік ететін Париж прокуроры Франсуа Моленс мәлімдеген.

Билік жұма күні бірнеше адамды кепілден босату операциясы кезінде оққа ұшқан күдікті - Редуан Лакдим деп хабарлады. 25 жастағы Марокко тумасы бұған дейін радикалды исламшылдарды жақтайтын адам ретінде қауіпсіздік қызметінің назарына іліккен. Бірақ оның теракт жасауға дайындалғанына еш айғақ-дәлел болған жоқ дейді құқық органдары.

Наурыздың 23-і күні жүргізушіні атып өлтіріп, оның автокөлігін айдап алып кеткен қылмыскер кейін полицияның бір қызметкерін атып жаралаған. Бұдан соң ол Треб қаласындағы сауда орталығында адамдарды кепілге алған. Қылмыскер биліктен 2015 жылы күзде Парижде жасалған террорлық шабуылдарды ұйымдастырған Салах Абдесламды түрмеден босатуды талап еткен.

Бұдан соң қауіпсіздік күштерінің кепілдегілерді босату операциясы барысында тағы екі адам оққа ұшқан. Күдіктіні полиция атып өлтірген. Франция президенті Эммануэль Макрон теракт деп бағалаған оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, 16 адам жараланған. Зардап шеккендердің екеуінің халі ауыр деп хабарланды.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобы Франциядағы террорлық шабуылға жауапкершілікті алатыны туралы мәлімдеді.

Парижде 2015 жылғы қарашада жасалған террорлық шабуылдарда 130 адам мерт болған.

XS
SM
MD
LG