Қостанай облысы Құсмұрын кентіндегі колонияда сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан төрт азамат уланып қайтыс болып, тағы төртеуі зардап шеккен деп хабарлады жергілікті басылымдар. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметі таратқан ақпаратта төтенше оқиғаның наурыздың 20-сы УК-161/4 орташа қауіпсіз мекемесінде тіркелгені айтылған.
"Сотталғандардың бір тобы кешкі мезгілде колонияның өндірістік аймағында орналасқан жұмыс орнында құрамында спирт бар химиялық зат (646-еріткіш) тұтынып, қатты уланып қалған", - делінген ақпаратта.
Әулиекөл аудандық орталық ауруханасына жеткізілген сегіз адамның төртеуі қайтыс болған. Реанимация бөліміне жатқызылған тағы төрт адамның біреуін дәрігерлер наурыздың 23-і күні арнайы палатаға ауыстырған.
Әулиекөл аудандық полициясы бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.
ІІМ Қылмыстық-атқару комитеті сотталғандарды ұстауға арналған колониядағы төтенше оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүріп жатқаны туралы хабарлаған.