Accessibility links

Глубокое ауданында төтенше жағдай жарияланды


Сенбі күні Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауданында табиғи қауіп-қатерге байланысты төтенше жағдай тәртібі енгізілді. Аудан бойынша ондаған тұрғын үй мен аулаларды су басып қалған. Құтқарушылар адамдар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Үйлері суда қалған тұрғындар мектептер мен туған-туыстарын паналаған.

Жергілікті коммуналдық кәсіпорындар, төтенше жағдай қызметі мен билік органдарының қызметкерлері Прогресс, Глубокое, Тарханка, Белоусовка тәрізді бірқатар елдімекендерден тасыған су бағытын бұру жұмыстарын атқарып жатыр.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент "ірі кент жанындағы су бөгеті жарылыпты-мыс" деген ақпаратты жоққа шығарып, жұртты үрейге берілмеуге шақырған.

Облыс орталығы Өскемен қаласында ондаған үй суда қалған. Қала шетіндегі жеке үйлердің маңындағы зиратты су басқан. Коммуналдық мекемелер мен өзге де кәсіпорындар түннен бері жұмыс істеп жатыр. Олардың күшімен өткен тәулікте тұрғын үйлер мен аулалардан 12 мың текше метрден астам су сорылып, тасқын жолын бөгеу үшін құм салынған 6 мыңға жуық қап төселген. Биліктің ақпараты бойынша, таудан қала жаққа қарай 25 миллион текше метр су аққан.

17 адам өз үйіне қайтып оралған, 5 адам Крупская атындағы интернатқа орналастырылған, 23 адам Өскемендегі "Үлбі" әлеуметтік қызмет орталығын, кей тұрғындар туыстарын паналаған деп хабарлайды жергілікті yk-news.kz жаңалықтар сайты.

Қазіргі уақытта елуге тарта үй мен жүзден астам аула су астында қалып отыр. Табиғи қауіп-қатерге қарсы күресуге жәрдемдесу үшін Өскеменге Павлодар облысынан құтқарушылар тобы барған.

XS
SM
MD
LG