Accessibility links

АҚШ-та совет ұшқыштарына ескерткіш қоюдан бас тартты


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы Элизабет-Сити қаласының билігі жергілікті саябақта совет ұшқыштарына қоладан биіктігі төрт метрлік ескерткіш қоюдан бас тартты. Ресей қорғаныс министрлігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистерге бірлесіп қарсы тұрған АҚШ пен СССР-дің әскери ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылған "Зебра" миссиясының Элизабет-Ситидегі штаб-пәтері орналасқан жерге салмағы 25 тонналық ескерткіш орнатуды жоспарлаған еді.

Наурыздың 23-і күні Элизабет-Сити қаласының кеңесі ескерткіш орнату туралы бұған дейін қол қойылған екіжақты меморандумға қарсы дауыс берді. Бұл шешімді кеңестің бес мүшесі қолдап, үшеуі қарсы болған.

"Әңгіме Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлікпен қаза тапқан қаһармандарды есте қалдыру туралы болып отырғанын түсінемін. Осы соғыста қаза тауып, Ресейде жерленген америкалық жауынгерлер де бар. Бірақ қазір уақыт басқа", - деп мәлімдеген қалалық кеңес мүшесі Анита Хамер.

Кеңестің тағы бір мүшесі Джонни Уолтон Ресей ескерткішке қаланың интернет немесе электр желілерін қашықтан басқаратын құрылғы орнатып қоюы мүмкін деген қаупін білдірген.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-та аса құпия "Зебра" миссиясы аясында 300-ге жуық совет ұшқышы нацистердің сүңгуір қайықтарын іздеп табу және жою әдістеріне жаттыққан.

XS
SM
MD
LG