Accessibility links

"Еркіндік күні" беларусь оппозициялық белсенділерін полиция ұстады


Милицияның арнайы жасағы наразылық акциясына қатысушыны ұстап әкетіп барады. Минск, 25 наурыз 2018 жыл
Милицияның арнайы жасағы наразылық акциясына қатысушыны ұстап әкетіп барады. Минск, 25 наурыз 2018 жыл

Наурыздың 25-і күні 1918 жылы Белоруссия халық республикасы жарияланғанына 100 жыл толды. Елде "Еркіндік күні" деп аталатын осы күні Минскіде акцияға шыққан ондаған азаматтық белсендіні милиция ұстаған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, құқық қызметкерлері Минскінің орталығында шерумен жүріп өтпекші болған 70-тен астам адамды ұстап әкеткен. Олардың арасында биліктің келісімінсіз қарсылық акциясын өткізу туралы бастама көтерген беларусь оппозициялық саясаткері Николай Статкевич те бар. Ұсталғандар қазір милиция бөлімшесінде отыр. Бұған қоса, елдің өзге де қалаларында Статкевичтің жақтастарын ұстап жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Беларусь қызметі.

Беларусь елінде жыл сайын "Еркіндік күні" оппозициялық белсенділер қарсылық акцияларын өткізуді дәстүрге айналдырған, жылда милиция оларды жаппай ұстайды.

Құқық қорғаушылар Беларусь мемлекетін 1994 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан президент Александр Лукашенконың үкіметі өзгеше ойлайтындарды басып-жаншып, азаматтық және саяси құқықтар мен бостандықтарды шектеп отырғанын айтады.

XS
SM
MD
LG