Accessibility links

Ресейде сауда орталығындағы өрт құрбандарының саны 37 адамға жетті


Кемерово қаласындағы "Зимняя вишня" сауда орталығындағы өрт. Ресей, 25 наурыз 2018 жыл.
Кемерово қаласындағы "Зимняя вишня" сауда орталығындағы өрт. Ресей, 25 наурыз 2018 жыл.

Ресейдің Кемерово қаласындағы "Зимняя вишня" сауда орталығында 25 наурыз күні болған өрттен құрбан болғандар саны соңғы деректер бойынша 37 адамға, жараланғандар саны 43 адамға жетті. ТАСС агенттігі таратқан ресми ақпаратқа қарағанда, 70-ке тарта адам із-түзсіз жоғалғандар санатында. Ал құтқарушылар 40 адам қаза тапқанын хабарлап жатыр. Із-түзсіз жоғалғандардың көпшілігі – балалар.

Мәскеу уақыты бойынша 26 наурызға қараған түні сауда орталығындағы өрт толықтай сөндіріле қоймады. Төтенше жағдай қызметкерлері өртенген нысанның әлі түтіндеп жатқанын айтады.

Өрт сөндірушілер өрт басталған кезде балалар болған кинотеатрдың бірінің залына әлі кіре алмай жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сауда орталығының кинотеатр мен балалардың ойын алаңдары орналасқан төртінші қабатында өрттің неден тұтанғаны әзірше белгісіз. Өрт шыққан кезде ғимаратта болған 200-ге жуық адам сыртқа шығарылған.

Кей куәгерлердің айтуынша, өрт шыққан кезде дабыл беру жүйесі жұмыс істемеген. Тергеу комитеті өрттен адамдардың мерт болуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Кемерово облыстық прокуратурасы да өрт оқиғасын тексеруді бастаған.

XS
SM
MD
LG