Accessibility links

Сауд Арабиясы: Йеменнен атылған зымырандардан бір адам қаза тапты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Сауд Арабиясының әуе қорғанысы күштері йемендік көтерілісшілер атқан жеті баллистикалық зымыранды қағып түсірді. Зымыран шабуылынан бір адам қаза тауып, екі адам жараланған. "Әуе қорғанысы күштері корольдікке атылған жеті баллистикалық зымыранды қағып түсіріп, жойып жіберді" деп хабарлады 26 наурызда Сауд Арабиясы басқаратын әскери коалицияға сілтеген мемлекеттік "Әл-Ахбария" телеарнасы. Шабуылдан адамдардың қалай зардап шеккені әзірге белгісіз.

Reuters және France Presse агенттіктері бұған дейін куәлер "26 наурызға қараған түні бірнеше рет қатты жарылыс үнін естідік және әуеде жарқылдар көрдік" дегенін хабарлаған.

Йемендегі хусит көтерілісшілеріне қарасты SABA ақпарат агенттігі хуситтердің Эр-Риядтағы король Халид атындағы халықаралық әуежайға Burkan H2 зымыранын атқанын хабарлады.

Сауд Арабиясының билігі бұған дейін бірнеше рет хуситтер атты деген зымырандарды қағып түсіргенін хабарлап, Иранды хуситтерге қару-жарақ беріп отыр деп айыптаған. АҚШ пен Сауд Арабиясы корольдікке атылған зымырандардың Ирандікі екеніне дәлелін көрсетсе де, Тегеран хуситтерді қаруландырғанын жоққа шығарған.

Йемендегі азамат соғысында сүнниттер басқаратын Сауд Арабиясы Йемен үкіметін, ал шииттер басқаратын Иран хусит көтерілісшілерін қолдайды.

XS
SM
MD
LG