Accessibility links

Кемероводағы өрт құрбандарының саны артты


Кемерово қаласындағы сауда орталығында шыққан өрт. Ресей, 25 наурыз 2018 жыл.
Кемерово қаласындағы сауда орталығында шыққан өрт. Ресей, 25 наурыз 2018 жыл.

Ресей төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Владлен Аксенов Кемерово қаласындағы Зимняя вишня сауда орталығында өрттен қаза тапқандар саны 48 адамға жеткенін хабарлады. 16 адам із-түзсіз жоғалғандар санатында. Жедел штаб ақпаратына қарағанда, өрттен 47 адам зардап шеккен. Жараланған 12 адам ауруханада жатыр, олардың екеуінің жағдайы ауыр. Бұған дейін Ресейдің Тергеу комитеті өрттен 37 адам қаза тапқанын, олардың тоғызы – балалар екенін хабарлаған еді.

Өрт құрбандары арасында Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеевтің туысы - 11 жастағы қыз да бар.

Жедел штаб сауда орталығындағы өрттің толық сөндірілгенін, қазір үйінділер аршылып, астынан із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер сауда орталығының адам кіре алатын барлық жерін тексеріп шыққанымен, ол жерлерден ешқандай адам таппаған.

Өрттің неден тұтанғаны әзірге белгісіз.

Кемерово облысының вице-губернаторы Владимир Чернов бұған дейін сауда орталығындағы өрт орталықтағы балалардың ойын алаңында тұтанғанын мәлімдеген еді. Кейін өрт кинотеатрда басталған болуы мүмкін екені хабарланған.

Өрт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында төрт адам, оның ішінде сауда орталығының иесі ұсталды.

XS
SM
MD
LG