Accessibility links

Ақтөбеде сотталушының туыстары наразылық танытты


Алмагүл Жоланова, сотталушы Нұрслан Жолановтың анасы. Ақтөбе, 26 наурыз 2018 жыл.
Алмагүл Жоланова, сотталушы Нұрслан Жолановтың анасы. Ақтөбе, 26 наурыз 2018 жыл.

26 наурыз күні Ақтөбеде "адам ұрлады" деп айыпталған Нұрслан Жолановтың туыстары 26 наурыз күні Ақтөбе облыстық прокуратурасының алдына барып, наразылықтарын білдірді. Наразы топтың атынан сөйлеген Алмагүл Жоланованың айтуынша, тергеу 33 жастағы Нұрслан Жолановты Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айыптап отыр. Сотталушының туыстары оған тағылған айыптардың "адам ұрлады" деген тұсымен келіспейді.

Нұрслан Жолановтың ісін 31 қаңтардан бері Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Нұрслан Жолановқа Қылмыстық қылмыстық кодексінің 126-бабы 2-бөлімінің 1,3 пункттері ("Бас бостандығынан заңсыз айыру"), 125-бабы 2-бөлімінің 1,3,7 пункттері ("Адам ұрлау"),, 191-бабының 1-бөлімі ("Тонау"), 188-бабы 2-бөлімінің 2-пункті ("ұрлық"), 99-бабының 2-бөлімінің 3-пункті ("Адам өлтіру") бойынша айып тағылған. Бұл қылмыстық іс бойынша сотта Нұрслан Жоланов, әкесі Нұрулла Жоланов, Ризван Акчурин мен Вадим Волжанкин жауап беріп жатыр.

Жұбайы мен ұлы сегіз айдан бері тергеу изоляторында отырған Алмагүл Жоланованың айтуынша, 2017 жылғы 8 тамызда бейтаныс бес адам олардың үйлерін тонамақ болған.

-Түнгі үштердің шамасында ит үріп, оянып кеттім. Терезеден қарасам, аулада бір топ адам жүр екен. Ұлым олардың біреуін ғана ұстап алды. Қалғандары қашып кетті. Қолға түсіп қалған жігітті жертөлеге қамап, қасындағылардың мекенжайын білді. Балам сол бойы ашумен барып, қарақшылардың бірін өлтіріп алған. Кейін полицияға өз аяғымен барып, адам өлтіргенін мойындады. Енді полиция баламды адам ұрлаушы етіп отыр. Ол адам ұрлаған жоқ! Қазір сотта жәбірленуші ретінде жауап беріп жатқан жігіт біздің үйімізге түн ортасында өз аяғымен келді, - дейді Алмагүл Жоланова.

Анасының сөзіне қарағанда, өзіне тағылған айыппен ішінара келіспей отырған Нұрслан Жоланов 2018 жылғы 5 наурыз күні тергеу изоляторында аштық жариялаған.

- Баламның халі күн сайын нашарлап барады.15 келі салмақ жоғалтты. 19 наурыз күнгі сотта есінен танып қалды, - дейді ол.

Бүгін Ақтөбе облыстық прокуратурасына келген Алмагүл Жоланова қылмыстық істі қарап жатқан тергеушілердің бірінің "ұлымен екі арада бұрыннан кикілжіңдері бар екенін" айтады. Яғни, ол қылмыстық істің о бастан бұрмаланғанына сенімді.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаевтың айтуынша, Алмагүл Жоланова мен оның бірнеше туысын Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Ғалымжан Тілеубаев қабылдаған. Прокуратура Жоланованың арызын алып қалған.

XS
SM
MD
LG