Accessibility links

Инсулинге мұқтаж балалардың ата-аналары дәрінің жоқтығына наразы


 Parents of insulin-dependent children near the building of the regional health department. Uralsk, March 26, 2018.
Parents of insulin-dependent children near the building of the regional health department. Uralsk, March 26, 2018.

26 наурызда бір топ ата-ана Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасына келді. Олар басшылықтан жыл басынан бері қала дәріханаларында диабетпен ауыратындарға бөлінетін тегін дәрінің неліктен жоқ екенін түсіндіруді талап етті.

Орал тұрғыны Ақмарал Үмбетованың сөзінше, оның тоғыз жасар баласы диабетпен ауырады. Ол бес айдан бері не хумалогты (инсулинның бір түрі), не қан құрамындағы қантты өлшейтін тест-таяқшасын алмағанын айтады.

Үмбеталиеваның айтуынша, қант деңгейін "күніне он рет өлшеу керек". Инфузионды жинақ та қажет. Ата-аналар бір-бірімен қолда бар дәрілерімен алмасады.

- Бес айдан бері қиналып жүрміз. Дәрілерді бір-бірімізден аламыз. Запасымыз да бітті. Ал олар (дәрі-дәрмек бөлімі - Азаттық) күнде ертеңмен тойдырды. Биыл мұндай жағдай бірінші рет болып жатыр. Айтуларынша, транспорт бір жерде тұрып қалған. Дәріханаларда болады деді. Ертеңіне барсақ, дәріханаларда ештеңе жоқ, - дейді Ақмарал Үмбетова.

Ата-аналар Азаттыққа Оралда дәрі күтіп жүрген тоқсанға жуық адам барын айтты.

Денсаулық сақтау басқарамасы басшысының орынбасары Гүлнар Әбдірахманова "СК Фармация" компаниясына сілтеме жасап, дәріханаларға дәрі-дәрмек "осы аптаның соңында немесе келесі аптаның басында түсетінін" айтады.

- Бұрын тапсырыс беру мен сатып алуды облыстық денсаулық сақтау басқармасы жүзеге асырса, 2018 жылдан жеткізумен "СК Фармация" айналысады. Бізге айтуынша, осы аптаның басында немесе келесі аптаның соңында қажетті дәрілер жеткізіледі, - деді Әбдірахманова.

"СК Фармация" компаниясының баспасөз қызметімен байланысу мүмкін болмады. Компанияның Астанадағы офисі Азаттық тілшісінің телефон нөмерін жазып алып, хабарласуға уәде берген. Бірақ хабарласпады.

Ата-аналар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан шыққаннан кейін Орал қалалық прокуратурасына барып, ұжымдық арыз жазып кетті.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG