Accessibility links

Астана Рысқалиевтерді тергеуге тағы шақырды


Бергей Рысқалиев, Атырау облысының бұрынғы әкімі.
Бергей Рысқалиев, Атырау облысының бұрынғы әкімі.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Атырау облысының бұрынғы әкімі, жемқорлық және ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген Бергей Рысқалиевті тергеуге тағы шақырды.

Қазақстандық ақпарат агенттіктері таратқан ведомство мәлімдемесі бойынша, Бергей Рысқалиев пен тағы сегіз күдікті 2018 жылдың 31 наурызына дейін ұлттық бюроның Астанадағы кеңсесіне "тергеу амалдарына қатысуға" келуі тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін де - 24 ақпанда Бергей Рысқалиев пен інісі Аманжан Рысқали, туысы Рүстем Әлбақасов және тағы бірнеше адамды 2018 жылдың 2 наурызына дейін Астанаға тергеуге келуге шақырған еді.

Қазақстан билігі ағайынды Рысқалиевтер мен Әлбақасов қылмыстық топ құрып, басқарды, қызметін теріс мақсатта пайдаланды, мемлекет мүлкі мен қазына қаржысын жымқырып, иеленді және пара алып, оны заңдастырды деп күдіктенеді.

Бергей Рысқалиев мұнайға бай Атырау облысын алты жылға жуық уақыт басқарып, 2012 жылы жазда қызметінен босатылған. Сол жылы күзде Бергей Рысқалиевтің інісі, парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Рысқали "өз өтінішімен" депутаттық мандатынан бас тартқан. Біраз уақыттан соң Рысқалиевтерге іздеу жарияланған, бірақ олардың қайда екені біраз уақытқа дейін белгісіз болып келді.

Ұлттық бюро таратқан мәлімдемеде "күдіктілер Қазақстан аумағынан тыс жерде және тергеуден жалтарып жүргендіктен" олардың "қылмыстық іс-әрекетін дәрежелеу туралы" хабарлама БАҚ-та жарияланатыны айтылады.

Оқи отырыңыз: "Рысқалиев тобына" үкім шықты

25 ақпан күні азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин Facebook-те Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің "Ұлыбританиядан саяси баспана алғанын" хабарлаған. Мәмбеталин Ұлыбритания заңдары бойынша Рысқалиевке Қазақстанға келуге болмайтынын және Skype арқылы жауап бере алмайтынын жазған.

XS
SM
MD
LG