Accessibility links

Ақтөбеде "мұнай ұрлығы" ісі бойынша сот жабық өтіп жатыр


Еркін Ізбасардың анасы Мейірхан Ізбасар және адвокаты Мәди Мырзағараев. Ақтөбе, 28 наурыз 2018 жыл.
Еркін Ізбасардың анасы Мейірхан Ізбасар және адвокаты Мәди Мырзағараев. Ақтөбе, 28 наурыз 2018 жыл.

Ақтөбеде 28 наурызда "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ" деген күдікпен ұсталған 26 адамның ісі бойынша сот процесі жалғасты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот бүгін бірінші рет жабық өтіп жатыр. Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында күзет күшейтілген. Сотқа журналистер мен сотталушылардың туыстары кіргізілген жоқ.

"Қылмыстық топқа жетекшілік еткен" бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасардың адвокаты Мәди Мырзағараевтың Азаттыққа айтуынша, бүгінгі сотта құпия куәгерлер тыңдалады. Адвокат олардың кім екенін әзірге білмейді.

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, бүгінгі процесте 13 жасырын куәгер жауап береді. Құпия куәгерлер сот залына арнайы көлікпен жеткізілді.

Еркін Ізбасарды қолдау үшін сотқа Ресейдің Дағыстан республикасының спортшылары өз орталарынан өкіл етіп халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Гадисовті жіберген. Ол Дағыстан спортшылары қол қойған талап-арызын ала келген. Талап-арызда дағыстандық спортшылар соттан Еркін Ізбасардың еркін күрестен халықаралық дәрежедегі еңбегін ескеруді сұрайды.

Бұған дейін журналистер сот барысын қосалқы залдағы монитордан болса да бақылай алатын.


Еркін Ізбасардың анасы Мейірхан Ізбасардың Азаттық тілшісіне айтуынша, осы кезге дейін 100-ден астам куә тыңдалған. "Бірақ олардың бір де бірі балама қарсы куәлік еткен жоқ" деді Мейірхан Ізбасар.

Ақтөбеде "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ" деген күдікпен ұсталған 26 адамның ісі бойынша сот процесі желтоқсанның 5-і күні басталған.

Оқи отырыңыз: «Мұнай ұрлаған» күдіктінің бірі – полиция полковнигі

"Қылмыстық топқа жетекшілік еткен" бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасар тергеу Қылмыстық кодекстің 13 түрлі бабы бойынша айыпталып отыр. Сотталушылардың 17-сі тергеу изоляторында, ал 9-ы ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр. Сотталушылар арасында облыстық ішкі істер департаменті басшысының бұрынғы орынбасары да бар.

XS
SM
MD
LG