Accessibility links

"Деструктивті ағым мүшесі" ісі бойынша сот тергеуі аяқталды


Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты (Көрнекі сурет).

28 наурызда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында "Гарант" дүкендері аумағында "деструктивті ағым мүшесі" деген күдікпен ұсталған Бақытжан Ізтілеуовтің ісі бойынша сот тергеуі аяқталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сот отырысында судья Еркебұлан Төлешов қылмыстық іс қозғауға себеп болып, куәлік еткен төрт куәгердің үшеуінен жауап алынғанын айтты. "Куәгерлердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында олардан жауап алуда сот тараптары қатыстырылмады" деген судья куәлердің жауабын оқып берді.
Төрт томнан тұратын істегі бірнеше сараптама қорытындысы оқылды.

Сараптамада діни араздықты қоздыратын және терроризм актісін жасауға шақыратын материалдар анықталғаны айтылды.
Айыпталушының адвокаты Нұржан Төлегенов судья Еркебұлан Төлешовтен тергеушілердің нұсқауымен куәлер түсірген видеоны көрсетуді сұрады.

- Бұл видеода Бақытжан Ізтілеуовтың екі телефонды қалай сатқаны көрінеді. Ізтілеуов бір телефонға "Асыл арнадағы" ("Асыл арна" телеарнасын айтады - ред.) құранды жүктеп бергені, екінші телефонның жадын толық өшіргені анық көрініп тұр. Ізтілеуов "Асыл арнадағы" құранды жүктеп, телефон сатқаны үшін Қылмыстық кодекстің тек 174-бабы 1-бөлігімен тағылған айыпты ішінара мойындап отыр. Ал екінші баппен келіспейміз, - деді адвокат.

Судья, прокурор және адвокат видеоны мұқият көрді. Одан кейін судья сот тергеуінің аяқталғанын, жарыссөзге тараптардың дайындығын сұрады. Прокурор видеоны көрген соң жарыссөзге дейін уақыт беруді сұрады. Адвокат та прокурордың сөзін қоштап, 174-баптың 1-бөлігі бойынша процессуалдық келісімге келуге шақырды.

Бұл іс бойынша сот 20 ақпан күні басталған.
Бақытжан Ізтілеуов 2017 жылы 22 қыркүйекте ұсталып, қамалған. Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру"), 256-бабының 1-бөлімі ("Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру") бойынша күдікті деп танылған. Бұған дейін оны қамауға алу мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

Бақытжан Ізтілеуовпен бірге бір күнде, Сарыағаш қаласында ұсталған Алпамыс Жүсіпбеков пен Жетісай қаласында ұсталған Самат Борашев Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру") айыпты деп танылып, бас бостандығы үш жарым жылға шектелген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG