Accessibility links

"Сирияға кетпек болған" әйелдің аппеляциялық шағымы қаралып жатыр


"Сирияға кетпек болды" деп айыпталған Жансая Таңатарованың соты. Қарағанды, 6 ақпан 2018 жыл.
"Сирияға кетпек болды" деп айыпталған Жансая Таңатарованың соты. Қарағанды, 6 ақпан 2018 жыл.

29 наурызда Қарағандыда сот "Сирияға кетпек болды" және "кәмелет жасқа толмаған адамды террорлық ұйымға шақырды" деп айыпталып, 9 жылға сотталған Жансая Таңатарованың аппеляциялық шағымын қарай бастады. Сотта оны қарағандылық Наталья Цыплакова мен әкесі қорғап жатыр.

Отырысқа Таңатарованың өзі келген жоқ. Ол сотқа Қарағандыдағы АК-159/1 түрмесінен видео арқылы қатысты. Сотта сотталушының әкесіне аудармашы қажет болып, келесі отырыс 3 сәуірге шегерілді. Таңатарова мен адвокаттары сот шешімімен келіспейді.

Оқи отырыңыз: Сирияға кетпек болған әйел тоғыз жылға сотталды

5 ақпанда өткен сотта судья Қасымов сотталушының айыбы "дәлелденгенін" айтқан. Жарыссөзде Жансая Т. мен оның адвокаты қылмыстық істе "заң бұзушылық көп болғанын" мәлімдеген. Сотталушы "кәмелетке толмаған баланы өзімен бірге Сирияға әкетпек болды" деген айыптың "асығыс тағылғанын" айтады.

Ол "шын мәнінде террорлық ұйымға қосылмақ ойы болмағанын", тек "Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті (ҰҚКД) қызметкерлерінің айтқандарын орындағанын" айтып, соттан өзін ақтауды сұраған. Сотталушының сөзінше, "күйеуі және тағы басқа бірнеше адамға жапа шектірген әлдебір содырды ұстау үшін оған ҰҚКД қызметкерлері ұсыныс" жасаған.​


XS
SM
MD
LG