Accessibility links

Саркози жемқорлық ісі бойынша қайта сотталмақ


Николя Саркози, Франция экс-президенті.
Николя Саркози, Франция экс-президенті.

Франция экс-президенті Николя Саркози сыбайлас жемқорлық және қызмет бабын жеке мақсатта пайдалану айыбымен қайтадан сотқа тартылмақ. Бұл жайында Францияның Le Monde газеті хабарлады.

Саркози 2013 жылы тергеуі аяқталған сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс бойынша сотталмақ. Саясаткер Франция Кассациялық соты судьяларының бірінен құпия ақпарат алмақ болды деген күдікке ілінген. Судья экс-президентке қарсы қозғалған сайлау кампаниясын заңсыз қаржыландыру айыбы бойынша істі қараған. Тергеу болжамынша, Саркози құпия ақпарат алғаны үшін шенеунікті Монакода жоғары лауазымды қызметке тағайындауға уәде берген. Саркози өзіне қатысты істі қайта қозғау туралы сот шешіміне шағымданбақ.

"Бетанкур ісі" деп аталатын қылмыстық істі тергеу 2007 жылы басталған. Бірақ 2012 жылға дейін президент қызметін атқарған Саркозиде қылмыстық қудалаудан қорғайтын құқығы болған. Саркози президенттік сайлау кампаниясын қаржыландыру кезінде L'Oreal корпорациясының иесі Лилиан Бетанкурдың сенімін теріс мақсатта пайдаланды деп айыпталып отыр. 2013 жылы бұл іс айғақ жеткіліксіз болғандықтан жабылған.

Франция билігі сонымен қатар Саркози жол беруі мүмкін деген басқа да заң бұзу фактілерін тексеріп жатыр. Тергеушілер Ливия жетекшісі Муаммар Каддафидің үкіметі 2007 жылы Франциядағы президент сайлауында Саркозиге жасырын түрде 50 миллион еуро (62 миллион доллар) берген деген ақпаратты анықтап жатыр.


XS
SM
MD
LG