Accessibility links

Алматыда оралмандар бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұрады


Оралмандар Алматы әкімдігіне бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұрап, хат тапсыруға барып тұр. Алматы, 30 наурыз 2018 жыл.

Алматыда наурыздың 30-ы күні Қытайдан келген бір топ оралман қалалық әкімдікке барып, Қытайда қуғын көріп отырған туыстарын қорғау мақсатында бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұрады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, он шақты оралман Алматы қалалық ішкі саясат басқармасына 8 сәуір күні сағат 10 мен 17 аралығында "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы саябақта бейбіт жиын өткізуді сұрап хат тапсырды. Өтініш берушілер хатта бейбіт жиынға мың шақты адам қатысады деп көрсеткен.

Өзін Қытайдан келіп, Қазақстан азаматтығын алдым деп таныстырған Дәулетбек Ерболдың айтуынша, Қытайға кеткен 75 жастағы анасының паспортын Қытай билігі тартып алып, қайтарып бермей, сергелдеңге түсірген.

- Ол жақтағы адамдар да, олардың бұл жақтағы туыстары да зардап шегіп жатыр. Ол жақтағы қазақтардың құжатын тартып алып, қамап, саяси үйрену сабақтарына жіберіп жатыр. Не үшін ұстап отыр, бір себеп болуы керек қой. Біз шеруге шығамыз, Қытай дипломаттары келіп жауап берсін, - деді Ербол Дәулетбек.

Наразы топ бұған дейін әкімдікке бейбіт шеру өкізуге рұқсат сұрап екі хат жазғанын, бірақ екеуін де өтініштері орындалмағанын айтады.

- Алғашқы өтініште митингіні Қытай консулдығы алдында өткізуге рұқсат сұрағанбыз. Бірақ әкімдік ол жерде митинг өткізуге болмайды деп, шеруді "Сарыарқа" кинотеатрының артында өткізуді ұсынды. Сосын "Сарыарқаның" артында өткізуді сұрап екінші рет хат жазғанда өтініш берушілердің жеке бас мәліметтері дұрыс емес деп кері қайтарды. Осы арызымызда барлық ақпаратымызды толықтырып әкеліп тұрмыз, - деді Ербол Дәулетбек.

Жиналғандар бейбіт шеруде Қытай үкіметінен сол елде заңсыз ұстап отырған туыстарын босатуды, оларды қудалауды тоқтатуын және Қытай билігінің Қазақстанға көшкісі келетін қазақтарға рұқсат беруін талап ететінін айтады.

Хатты әкімдік қызметкері Ақерке Әбдіқадырова қабылдап алды. Оның айтуынша, хатқа 15 күн ішінде жауап берілмек.

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар 2017 жылғы сәуір айынан тарай бастаған. Шыңжаңда ұсталғандар арасында Қытайдан тарихи Отанына оралып, Қазақстан азаматтығына ие болғандар да бар.

Оқи отырыңыз: Қытайда ұсталған Қазақстан азаматтары

Тікелей эфир: Бейбіт шеруге рұқсат сұрау

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG