Accessibility links

Газа-Израиль шекарасындағы қақтығыс қазаға ұласты


Израильмен шекара түбіндегі палестиналық демонстранттар. 30 наурыз 2018 жыл.
Израильмен шекара түбіндегі палестиналық демонстранттар. 30 наурыз 2018 жыл.

Газа секторында мыңдаған палестиналық Израильмен шекараға дейін шеру тартып, наразылық маршын бастады. BBC сілтеме жасаған Палестина автономиясы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, израильдік әскермен қақтығыс кезінде кем дегенде сегіз палестиналық қаза тауып, 750-і жараланған. Израиль әскері алты жерде "бүлік" шыққанын, "арандатушыларды атқылап жатқанын" мәлімдеді.

Шекара түбіне бес лагерь тігіп, наразылық шарасына шыққан палестиналықтар бұл акцияны "Ұлы оралу маршы" деп атайды. Олар мекен-жайы Израиль жерінде қалған босқындардың үйлеріне қайтуына рұқсат қылуды талап етіп тұр.

Израильдің қорғаныс күштері шекара түбіндегі бес орынға 17 мыңдай палестиналық жиналғанын айтты. Әскердің ақпараты бойынша, наразылар резеңке доңғалақ өртеп, жанғыш зат құйылған бөтелке лақтырған. Қорғаныс күштері Газа секторының маңындағы "жабық әскери зонаның күзетін күшейткенін" хабарлады.

Палестинаның денсаулық сақтау өкілдері қақтығыстан қаза тапқандардың ішінде 16 жастағы бозбала бар екенін айтты. Олардың сөзінше, Омар Самур есімді 27 жастағы фермер наразылық басталмай тұрып, жұма күні Хан-Юнис маңында танк снаряды тиіп өлген.

Газа секторында саяси басымдыққа ие "Хамас" содырлар тобы Израильді фермерді өлтіру арқылы палестиналықтарды қорқытып, наразылық акциясына шығудан айнытпақ болды деп айыптады.

Ал Израиль әскері Газа секторымен шекара түбіндегі зонаға қауіпсіздік үшін ешкімнің аяқ баспауын қадағалап тұр. Израиль наразы палестиналықтар шекараны бұзып өтеді деп қауіптеніп, осы маңдағы әскер санын екі есе көбейтті.

XS
SM
MD
LG