Интернет-компанияларға қарсы хакерлік шабуылдарға қатысы бар күдікті ретінде АҚШ-қа Чехиядан жеткізілген Ресей азаматы Евгений Никулин Сан-Франциско сотында өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартты деп хабарлайды Reuters.
Бұған қоса Никулин судьяның сұрағына жауап бермеген, тіпті өз аты-жөні мен жасын айтудан бас тартқан. Судья Никулинге тағылып отырған хакерлік жай қылмыс емес, ол – америкалықтардың қауіпсіздігі мен жеке өміріне қатысты құқықтарына тікелей қатер төндіру деп мәлімдеген.
Ресей азаматының ісі бойынша келесі сот отырысы сәуірдің 2-іне белгіленген.
АҚШ билігі бірнеше интернет-компанияның сайттарын бұзған деген айып таққан соң Евгений Никулинді 2016 жылы күзде Чехияда ұстаған. Ресейдің қарсылығына қарамастан, Чехия наурыздың 30-ы күні Никулинді АҚШ-қа экстрадициялаған.