Бішкекте бүгін жұмысын бастаған Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) съезіне Ош облысынан келген төрт делегат кіре алмағанын айтты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Делегаттардың бірі Алишер Бакышевтың сөзінше, ұйымдастырушылар олардың тізімде жоғын алға тартқан.
"Бізді Ош облысынан делегат етіп сайлады, бірақ съезге кіргізбей қойды. Барлығымыз партияға 10 жылдан бері мүшеміз", - деген Бакышев. Оның айтуынша, съезге кіре алмаған делегаттар Араван, Үзген аудандары мен Ош қаласынан келген.
ҚСДП бұл оқиғаға қатысты әзірше ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Билік партиясының съезі өтіп жатқан Бішкектегі "Орион" қонақ үйі маңайында қауіпсіздік шаралары күшейтілгені, милиция қызметкерлері мен қауіпсіздік қызметінің өкілдері журналистерді ғимаратқа өткізбей жатқаны туралы ақпарат тарады.
Осының қарсаңында партия төрағасының орынбасары Фарид Ниязов Азаттыққа ҚСДП съезі БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өтеді деп хабарлаған. Оның сөзінше, жиын өтетін залдағы орындар "съез делегаттарынан аспайды".
"Съезге 190 делегат шақырылды. Зал шағын, сондықтан журналистер отырысқа қатыспайды. Бірақ, съез аяқталысымен Алмазбек Шаршенович [Атамбаев] журналистердің барлық сұрағына жауап береді", - деген Ниязов.
Съездің күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партия төрағасын бекіту. Бұған дейін ҚСДП съезінің өтетін уақыты бірнеше рет кейінге ысырылып келген.