Accessibility links

Шығыс Қазақстанның Зубовск кентіндегі үйлерді су басты


Су басқан үй. (Көрнекі сурет)
Су басқан үй. (Көрнекі сурет)

Шығыс Қазақстан облысы Зырянов ауданындағы Зубовск кентінде су алған үйлерден тұрғындарды көшіру басталды деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі. Департамент ақпаратында Бұқтырма өзенінде су деңгейінің күрт көтерілуі салдарынан елдімекен көшелерін су басу қаупі төнгені айтылған.

"Эвакуация жалғасып жатыр. Адам санын анықтап жатырмыз. Тұрғындар орта мектепте ашылған эвакуациялық бекетке орналастырылды", - делінген төтенше жағдайлар департаменті наурыздың 31-і таратқан хабарламада.

Зырянов аудандық әкімдігі су басқан үйлер мен аулалардың есебін алуды бастаған. Сенбі күні таңертеңгі сағат 10 кезіндегі мәлімет бойынша, елдімекенде адамдар тұрып жатқан 23 үй мен бос тұрған төрт үйді су алған.

Шығыс Қазақстан облысында биылғы наурыз айында ондаған елдімекенде жүздеген үйді су басқан. Наурыздың 29-ы күні Семей қаласында Ертіс өзені арнасынан асып, бірнеше жүз тұрғын үйді су алған.

XS
SM
MD
LG