Accessibility links

БҰҰ мен ЕО Газадағы қақтығысты зерттеуге шақырды


Израильмен шекара түбіндегі палестиналық демонстранттар. Газа, 30 наурыз 2018 жыл
Израильмен шекара түбіндегі палестиналық демонстранттар. Газа, 30 наурыз 2018 жыл

БҰҰ және Еуропа Одағы Израиль мен Газа секторы арасындағы шекарада жұма күні болған оқиғаны "тәуелсіз, ашық түрде" тексеруді талап етті. Соңғы мәліметтерге сәйкес, наурыздың 30-ы күні Израиль әскерилерімен болған қақтығыс салдарынан палестиналық 16 адам ажал құшқан. Палестиналық дәрігерлердің мәлімдеуіне, мыңнан аса адам зардап шеккен, соның ішінде жүздеген адам оқтан жарақат алған.

Сенбі күні Палестина территорияларында қақтығыс құрбандарын аза тұтты. Газа мен Иордан өзенінің батыс жағалауында Израильге қарсы акциялар жалғасып жатыр.

Жұма күні палестиналықтар Газа секторы мен Израиль шекарасында "Ұлы оралу маршы" деп атаған наразылық шарасына шыққан. Мекен-жайы Израиль жерінде қалған босқындардың үйлеріне қайтуына рұқсат беруді талап еткен олар шекарадан бір шақырымдай жерде бес лагерь тіккен.

Израиль билігі қақтығыстарды арандатты деп Газа секторын бақылайтын ХАМАС радикалды тобын айыптайды. Израиль әскерилері наразыларды жуасыту үшін жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ қолданғанын, ал палестиналықтар әскерилерге тас лақтырып, дөңгелектер өртей бастаған соң "өзін өзі қорғау мақсатында" әскери қарудан атқандарын растаған.

Бұған дейін Палестина өкілдері наразылық акцияларын АҚШ Иерусалимнен елшілігін ашуға уәде еткен мамырдың 14-іне дейін жалғастырмақ ниетте екені туралы мәлімдеген. Өткен жылы АҚШ президенті Дональд Трамптың Америка елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіру туралы қабылдаған шешімін палестиналықтармен бірге араб елдері және Еуропа Одағы сынаған.

XS
SM
MD
LG