Accessibility links

БАҚ: Трамп Сирияға қаржы бөлуді тежеді


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға берілмек 200 миллион долларды тежеп отыр деп хабарлады Ақ үйдегі дерек көзіне сілтеме жасаған The Wall Street Journal. Басылымның жазуынша, Вашингтонның Сирияға қаржы бөлетіні туралы президент Трамп баспасөз хабарларынан білген. Бұған дейін "Ислам мемлекеті" террорлық тобына қарсы күрес бойынша коалиция отырысында АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон әлгіндей қаржы бөлуге уәде еткен.

Жақында Трамп көп ұзамай америкалық әскерилер Сириядан кетеді, ал "Ислам мемлекеті" жихадшылары толық күйрейтін болады деп мәлімдеген. Жыл басында АҚШ вице-президенті Майк Пенс Вашингтон Сириядағы әскерін сонда ұстай тұрады деп айтқан.

Жақында Вашингтондағы кездесу кезінде Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мухаммед бен Салман әл-Сауд ханзада Трампты Сириядағы АҚШ әскерін шығармауға шақырған деп жазады америкалық Time басылымы.

АҚШ бастаған халықаралық коалиция 2014 жылдан бері Сириядағы радикалды исламшылдарға қарсы күрес жүргізіп жатыр. Сирияда АҚШ әскери контингентінде екі мыңға жуық адам бар. Халықаралық коалиция Сирия демократиялық күштерін қолдайды. Ресей Сириядағы әскери операциясын 2015 жылы қыркүйектің 30-ы күні бастаған. Халықаралық коалиция Батыс елдері Сирияда адам құқығын жаппай бұзып отыр деп санайтын президент Башар Асадқа қолдау танытқаны үшін Мәскеуді бірнеше рет айыптаған.

XS
SM
MD
LG