Accessibility links

Ақтөбеде ақталған сотталушылар туыстары наразылық танытты


Ақтөбедегі көлік прокуратурасы алдында наразылық танытып тұрған, ақталған сотталушылардың туыстары. Ақтөбе, 2 сәуір 2018 жыл.
Ақтөбедегі көлік прокуратурасы алдында наразылық танытып тұрған, ақталған сотталушылардың туыстары. Ақтөбе, 2 сәуір 2018 жыл.

Ақтөбеде 2 сәуірде ондаған адам Ақтөбе көлік прокуратурасының ғимаратына барып, көлік прокуроры Аблайбек Ордабаевтың отставкаға кетуін талап етті. Наразылық танытушылар былтыр сәуір айында Ақтөбедегі сұйытылған газ тапшылығына орай айыпталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған сегіз адамның туыстары.

Сот газ тапшылығына орай айыпталған сегіз адамның жетеуін биыл 5 наурыз күні ақтап шыққан еді. Ақталғандар арасында "аймаққа тиесілі әлеуметтік газды Ауғанстанға сатып, миллиондаған доллар пайда таппақ болды" деп айыпталған Gold Steps компаниясының директоры Берік Есенов те бар. Бірақ Ақтөбе қалалық сотының судьясы Ербол Әбдіқалықовтың үкіміне көлік прокуратурасы 26 наурызда аппеляциялық шағым берген. Осыдан кейін ақталған азаматтардың туыстары Ақтөбе көлік прокуроры Аблайбек Ордабаевтың отставкаға кетуін талап етіп отыр.

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, 36 жастағы Берік Есенов пен тағы екі айыпталушы бір жылдай уақыт тергеу изоляторында отырған. Қалған бесеуі ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүрген.

- Мен 9 ай тергеу абақтысында отырдым. Осы аралықта тергеу бізге тағылған айыпты растайтын бір де бір заңды дәлел мен дәйек тапқан жоқ. Заңның орындалуын қадағалауы тиіс орган бірінші күннен тергеу жағында болды, - дейді сұйытылған газ тапшылығына орай айыпталып, кейін ақталғандардың бірі Арман Сыздықов.

Бірақ наразы топ өкілдерін бүгін Ақтөбенің көлік прокуроры қабылдаған жоқ. "Көлік прокуроры отставкаға кетсін!" деп айқайлаған зейнеткер әйелдің жүрегі қысылып, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болды.

Ақтөбе қалалық соты 5 наурызда сұйытылған газ тапшылығына қатысты айыпталған сегіз адамның бірі – кәсіпкер Кәміл Төлегеновтің бас бостандығын екі жылға шектеген. Сот қалған жеті айыпталушыны "аймақтағы газ тапшылығына қатысы жоқ" деп тапқан. "Аса ірі мөлшерде экономикалық контрабандамен айналысты" деп айыпталған кәсіпкер Төлегеновтен сот қаулысымен мемлекет пайдасына 195 миллион теңге өндірілетін болған.

Былтыр көктемде облыста сұйытылған газ тапшылығы туындаған соң Ақтөбе облысының әкімдігі "облыс халқының ішкі сұранысына бөлінген газды шетелге заңсыз тасымалдаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілгенін" хабарлаған еді. Газ тапшылығы басталған соң мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі, Бас көлік прокуратурасының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің, облыстық ішкі істер департаменті мен ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізген.

Әуелде жергілікті билік аймақтағы сұйытылған газ тапшылығын газбен жүретін көлік санының 54 пайызға артуымен және үкімет бөлген квотаның өңір қажеттілігін толық өтей алмай отырғанымен байланыстырған еді. Кейін әлеуметтік газды Ақтөбедегі бекеттерге бөліп беруі тиіс екі фирманың "экономикалық контрабандамен айналысқаны" xабарланған.

XS
SM
MD
LG