Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев министрлік Алматыда кеңселері тінтілген БАҚ-қа қатысты тергеу шараларына араласа алмайтынын, бірақ істің БАҚ-та барынша ашық көрсетілуіне күш салып жатқанын мәлімдеді.
Алматыда 2 cәуір күні полиция Forbes Kazakhstan журналы мен Ratel.kz сайтының редакцияларын тінтіп, журналистерін біраз уақытқа ұстаған. Алматы полициясы бұл әрекетін екі ақпарат құралының үстінен "көпе-көрінеу жалған мәлімет тарату" фактісі бойынша арыз түскенімен байланыстырды.
Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, Forbes Kazakhstan журналы мен Ratel.kz сайты үстінен бұрынғы қаржы министрі Зейнолла Кәкімжанов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп арыз берген.
Кәкімжанов өткен жылы аталған басылымдармен соттасып, олардан 50 миллион теңге өндіру туралы шағымын сот қанағаттандырған. Кәкімжановтың "сыбайлас жемқорлыққа қатысы барын" әшкерелемек болған журналистер соттың бұл шешімімен келіспеді.
Ratel.kz сайтының негізін қалаушылардың бірі, былтыр қайтыс болған журналист Геннадий Бендицкийдің жесірі Анна Устинова 2 сәуірде әлеуметтік желіде полицияның үйіне келіп, компьютерлер мен балалар гаджетін алып кеткенін жазған.
Астанада үкімет жиынынан соң журналистер сауалдарына жауап берген министр Дәурен Абаев "Біз бұл тергеу шараларының барынша ашық жүргізілуін сұрадық. Тергеу шаралары барлығын анықтап, ол балалардың гаджеті болды ма, әлде басқа ма, барлығын анықтап, комментарий беруі тиіс" деді.
Оқи отырыңыз: Полиция Forbes пен Ratel-дің кеңсесіне жетті