АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Бруно қаласында орналасқан YouTube интернет компаниясының штаб-пәтеріне қарулы шабуыл жасады. Бұл туралы компания қызметкерлері хабарлап, оны полиция растады. Куәгерлер мен жергілікті баспасөз құралдарының хабарлауынша, қарудан әйел адам оқ атқан.
Сан-Бруно полициясының басшысы Эд Барберини баспасөзге таратқан мәлімдемесінде атысқа күдікті әйел оқиға орнында өз өзін өлтірген болуы мүмкін екені туралы хабарлаған.
ВИДЕО: YouTube штаб-пәтеріне шабуыл
Компания кеңсесіне жедел жәрдем көліктері барған. Полиция тұрғындарға атыс болған ауданға жоламауды ескертті.
Reuters мәліметінше, атыстан кем дегенде төрт адам зардап шеккен. Жергілікті аурухана жаралылар емделіп жатқанын растады, бірақ олардың нақты санын айтпады.
Fox News телеарнасы ауруханада үш адамға дәрігерлер көмек көрсетіп жатқаны, олардың бірі ауыр халде жатқаны туралы хабарлады.
YouTube компаниясын басқаратын Google интернет компаниясы қарулы шабуыл оқиғасы туралы ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады.
"YouTube редакциясында атыс болды. Атыс үнін естідік және үстел астында отырып жүгіріп жүрген адамдарды көрдік. Қазір бөлмеде әріптестермен бірге бекініп отырмыз" деп жазды YouTube қызметкері Вадим Лаврусик Twitter әлеуметтік желісінде.
Оқиға орнына полиция барған соң компания қызметкерлері кеңседен шығарылған.
YouTube штаб-пәтерінде 1700-ге тарта адам жұмыс істейді.