Accessibility links

Адвокат: Ашық хат бойынша ғалымдарды қудалап жатыр


Ғалым Махмуд Садыбеков пен адвокат Гүлнар Жуаспаева. Алматы, 5 сәуір 2018 жыл.
Ғалым Махмуд Садыбеков пен адвокат Гүлнар Жуаспаева. Алматы, 5 сәуір 2018 жыл.

Алматыда Фесенков атындағы астрофизика институтының ғылыми қызметкері Махмуд Садыбеков пен адвокат Гүлнар Жуаспаева баспасөз конференциясын өткізіп, "ғалымдардың атынан президентке жазылған хатқа байланысты ғалымдардың қудаланып жатқанын" мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, Фесенков атындағы астрофизика институтының ғылыми қызметкері Максим Макуковты Астана қалалық ішкі істер департаменті Білім және ғылым министрлігіне қарасты ғылым комитеті төрағасының арызы бойынша істе куәгер ретінде тергеген. Комитет төрағасы "белгісіз қолданушы ғалымдарға қаржы үлестіруде заңсыздықтарға жол берді деп жалған ақпар таратты" дейді. Адвокат Гүлнар Жуаспаева комитеттің арызын "ғалымдарды қудалау" деп санайды.

Таяуда ондаған ғалым ғылым комитеті жанындағы ұлттық ғылыми кеңестің ғылыми жобаларды грантпен қаржыландыру бойынша ұйымдастырған конкурсын "заңсыз, сыбайлас жемқорлықпен байланысты" деп мәлімдеп, президентке хат жолдаған. Ол хат бойынша блог-платформада анонимді автордың атынан мақала жарияланған. ІІД осы мақала мен хат бойынша іс қозғап, Мақсат Макуковты куәгер ретінде тергеген. Макуков хатқа ғалымдардың қолын жинаған.

Гүлнар Жуаспаева ішкі істер департаменті тергеуді "заңсыз жүргізуге тырысқанын" айтады. Оның сөзінше, 117 ғалым қол қойған хат әлі тексерілмеген, ал ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсіловтің арызы жылдам қарала бастады. Адвокат комитет төрағасының хаттағы ақпаратты қалайша жалған деп отырғаны түсініксіз екенін айтады.

Жиынға ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов те келді.

Комитет төрағасы "хатқа қол қойды деген кей ғалымдар қолды өздері қоймағанын айтты" дейді. Ғалым Махмуд Садыбеков мұнымен келіспейді. Ол хатта "жалған ешнәрсе жоғын" және ғалымдар хатқа өз еркімен қол қойғанын айтады.

Адвокат пен ғалым мәлімдемесінен соң ғылым комитінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов журналистер сұрағына жауап берді. Ол ғылыми жобаларды грантпен қаржыландыру бойынша ұйымдастыру комиссиясының құрамына бір институттан екі адам еніп кеткені сияқты заң бұзушылықтар болғанын, бірақ оның барлығы "заңдағы қайшылықтар" екенін айтты. Оның сөзінше, грантты кімге бөлу керегін ғалымдар ғана шешпейді. Ұйымдастыру комиссиясының құрамына "Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де кіреді, ал комиссия шешімі видеоға түсіріледі.

XS
SM
MD
LG