БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солсбериде Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальдің улану ісіне қатысты бірінші рет ашық жиын өткізді. Ұлыбританияның БҰҰ-дағы трақты өкілі Карен Пирс Лондонның Ресеймен тергеу нәтижелерін бөлісуден бас тартуына "Мәскеудің химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымның беделіне нұқсан келтіруге тырысуы" себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, "бұдан Ұлыбритания ешнәрсе жоғалтпайды, бірақ Ресейден қауіптенуге болатындай себеп бар".
Карен Пирс Лондон Скрипаль ісіне Ресейдің кінәлі екеніне күмәнданбайтынын айтты. Карен Пирстің сөзінше, Ресейдің қатысы бары "өте ықтимал" деген сөз түпкілікті айыптауды сот шығаратын болғандықтан ғана қолданылып отыр. Ұлыбритания өкілі тергеуге 250-ден астам детектив пен маман тартылғанын айтады. Скрипаль уланған бір айдан астам уақыттан бері бес мың сағат бақылау камерасының жазбасы қаралып,1300-ден астам заттай айғақ жиналған және 500-ге жуық куәдан жауап алынған.
Ұлыбританиядан соң АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли сөйледі. Ол АҚШ Лондонға қолдау көрсететінін айтты. Хейлидің сөзінше, химиялық қару қолдану әдеттегі жайт болып қалуына жол бермеу керек. Ұлыбританияны Франция мен Швеция өкілдері де қолдады.
Ресей Сергей Скрипаль мен қызын улады деген айыпты жоққа шығарады. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензянің сөзінше, удың Ресейде жасалғаны "дәлелденбеген". Ол Батыс елдерінің айыптауын "Мәскеудің беделін түсіру" деп атады. "Біз британдық әріптестерімізге олардың отпен ойнап отырғанын және онысына өкінетінін ескерттік" деді Небензя Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.
Ұлыбритания билігі Скрипальдің СССР-де жасалған, "Новичок" деп аталатын адам жүйкесін жансыздантыратын умен уланғанын айтып, Ресейді химиялық шабуыл жасады деп айыптайды. Лондон "Скрипаль ісін" тергеу аясында ресейлік 23 дипломатты елден шығарған. 20 шақты мемлекет Ұлыбританияға қолдау көрсетіп, жиыны 100-ден астам ресейлік дипломатты еліне қайтарып жіберген.