Accessibility links

Ақтөбеде лифтіде мерт болған журналисті жерледі


Көпқабатты тұрғын үйдегі лифтіде опат болған журналист Айзат Әбдісаматты туыстары мен әріптестері ақтық сапарға шығарып салды. Ақтөбе, 7 сәуір 2018 жыл

Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйдегі лифтіде опат болған Айзат Әбдісаматты бүгін ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның өзі тұрған және қайғылы қазаға ұшыраған үйдің жанында өткізілген жаназа рәсіміне туған-туысы, дос-жараны мен әріптестері - барлығы 300-ден аса адам жиналды.

Айзат Әбдісаматты Ақтөбе қаласының іргесіндегі зиратқа жерледі. Марқұмның артында үшке толмаған қызы мен жұбайы қалды.


Жергілікті телеарнада журналист болып істеген, декреттік демалыста жүрген 27 жастағы Айзат Әбдісамат сәуірдің 4-і күні кешкісін Ақтөбенің 12-ықшамауданындағы өзі тұратын көпқабатты үйдегі ескі лифтіде опат болған. Алдын ала болжам бойынша, үйдің алтыншы қабатында тұратын келіншек кішкентай қызымен бірге кіре бергенде кенеттен қатты қозғалып кеткен лифт оның есікке қысылған аяғын жұлып әкеткен. Лифтінің ішінде жан тапсырған Айзат Әбдісаматтың жанында қалып, шошып жылаған баланы біршама уақыттан соң тұрғындардың шақыруы бойынша жеткен құтқарушылар аман-сау алып шыққан.

Қайғылы оқиға болған үйдің тұрғындары Азаттыққа жиырма жыл бұрын пайдалануға берілген ғимараттағы ескі лифтінің ақауы бары туралы пәтер иелері кооперативін бұған дейін бірнеше рет ескерткендерін айтады.

Бұған дейін Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті лифтідегі адам қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, соталды тергеу басталғаны және бірнеше сараптама тағайындалғаны туралы хабарлаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG