Қырғызстанда бүгін осыдан сегіз жыл бұрын болған сәуір революциясы құрбандарын еске алып жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
2010 жылғы сәуірдің 7-і күні Бішкектегі үкімет үйі алдында оппозицияның билікке қарсы шеруі кезінде атылған оқтан 86 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бүгін Бішкек маңындағы "Ата Бейіт" мемориалдық кешенінде 2010 жылғы сәуір оқиғалары құрбандарына қойылған ескерткішке гүл қою рәсімі өтеді.
Еске алу шарасына сегіз жыл бұрын болған оқиғалар кезінде қаза тапқандардың туыстары мен зардап шеккендер, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, экс-президенттер Алмазбек Атамбаев пен Роза Отунбаева, Жогорку Кеңеш спикері Дастан Жумабеков, премьер-министр Сапар Исаков, Жоғарғы сот төрағасы Айнаш Токбаева, үкімет мүшелері, депутаттар, мемлекеттік органдар басшылары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысады деп хабарланды.
Бұдан бір жыл бұрын, 2017 жылғы сәуірдегі еске алу шарасына экс-президент Роза Отунбаева қатыспаған еді.
Сәуір революциясы нәтижесінде Қырғызстанның екінші президенті Құрманбек Бакиев биліктен тайдырылған. Оқиғаны жай-жапсарын білетіндердің айтуынша, Бакиев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығы бойынша жіберілген әскери ұшаққа мініп шетелге қашқан. Сондай-ақ экс-президентке жақын адамдар да елден кетуге мәжбүр болған.