Accessibility links

Франция Сириядағы "химиялық шабуылды" БҰҰ-да тақылауды ұсынды


Жан-Ив Ле Дриан, Франция сыртқы істер министрі.
Жан-Ив Ле Дриан, Франция сыртқы істер министрі.

Франция Сирияда ықтимал химиялық қару қолданылғанын талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуге шақырды. Францияның ұсынысын кеңеске мүше сегіз мемлекет қолдады.

Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Сирияның Дума қаласына жасалған химиялық шабуыл ақпаратын "қауіпті дабыл" деп атады. Париж ұстанымын Қауіпсіздік Кеңесіне мүше сегіз мемлекет — Ұлыбритания, АҚШ, Польша, Нидерланд, Швеция, Кувейт, Перу және Кот-д'Ивуар қолдады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресей де кеңестің өтуін қолдаған. Бірақ Мәскеудің жиында қандай мәселе көтеретіні әзірге белгісіз.

Ресей Сыртқы істер министрлігі (СІМ) сәуірдің 8-і күні Сириядағы химиялық шабуыл жөніндегі ақпаратты "жалған" деп атады. Сириядағы Ресейдің бітімгерлік орталығының басшысы, генерал-майор Юрий Евтушенко Башар Асад режимі Шығыс Ғутада химиялық қару қолданды деген ақпарат "шындыққа сәйкес келмейтінін" мәлімдеді.

Франция СІМ басшысы Думадағы жағдайды "халықаралық гуманитарлық құқықты өрескел бұзу" деп атады.


Сириялық-америкалық медициналық қоғамның және Сирия азаматтық қорғаныс қызметінің хабарлауынша, сәуірдің 7-сі күні Думада ықтимал химиялық шабуылдан 49 бейбіт тұрғын қаза тапқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп Сирия президенті Башар Асадқа қолдау көрсетіп отырғаны үшін Ресей мен Иранды сынап, "Бұл үшін жауап беретін кез келеді" деген.

XS
SM
MD
LG