Accessibility links

БАҚ: Скрипальді улау ісінің жаңа дерегі жарияланды


Солсбериде Сергей Скрипальдің үйі алдында тергеу жүргізіп жатқан полиция қызметкерлері. Ұлыбритания, 3 сәуір 2018 жыл.
Солсбериде Сергей Скрипальдің үйі алдында тергеу жүргізіп жатқан полиция қызметкерлері. Ұлыбритания, 3 сәуір 2018 жыл.

Британдық БАҚ арнайы қызметтегі дереккөздеріне сілтеп, Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальдің Солсбериде улануына қатысты істің жаңа мәліметтерін жариялады.

Mail on Sunday басылымының британ қауіпсіздік қызметінің соңғы жабық өткен брифингіне сілтеме жасап жазуына қарағанда, Скрипаль уланған "Новичок" уы ашық түсті, исі жоқ гель түрінде қолданылған. Адам жүйкесін жансыздандыратын бұл зат 4 наурыз күні таңертең Скрипальдің үйінің сыртқы есігінің тұтқасына жағылған.

Мақалада ресейлік агенттердің Сергей Скрипальдің жүріп-тұрған жерін екі апта бақылап, қастандықты жексенбі күні жасауға бекінген. Себебі дәл осы күні есік тұтқасын пошта тасушы немесе өзге адамның ұстауы неғайбыл болған.

Сергей Скрипаль мен Юлия Скрипаль жеткізілген Солсбери қаласы ауруханасының дәрігерлері уды қайтаруға Портон-Даун зертханасы мақұлдаған атропин және басқа да дәрілерді қолданған.

Бұған дейін Скрипаль үйінен таңертеңгі сағат 9:15-те шығып кетіп, содан қайтып оралмаған, ал у есікке сол күнге қараған түні жағылған болуы мүмкін деген болжам жасалған еді. Бірақ қазір Сергей мен қызы Юлияның үйлеріне сағат 11:30 шамасында аз уақытқа келгені белгілі болған. Демек, есік тұтқасына улы гель күндіз, Скрипальдер үйінен шығып кеткен соң жағылған деуге болады.

Сергей Скрипаль есікті ашқан кезде уланған. Қызы есікті одан кейін ашқан болуы мүмкін. Сол себепті удың көп бөлігі әкесінің қолына жұғып, Юлияның улану дәрежесі әкесімен салыстырғанда төмен болған.

Mail on Sunday басылымы британ арнайы қызметіндегі аты-жөнін атамаған дереккөзіне сүйеніп, Кремль өз агенттерінің Ұлбританиядан "Новичокты" қолдану фактісі анықталғанға дейін кетіп қалғанын қалағанын жазады. "Сондықтан удың зарары азайтылып, ол газ түрінде емес, гель түрінде қолданылды. Газ түрінде қолданылса одан адам әлдеқайда тез өліп кетер еді" делінген мақалада.

Ұлыбритания билігі Скрипальдің СССР-де жасалған, "Новичок" деп аталатын адам жүйкесін жансыздантыратын умен уланғанын айтып, Ресейді химиялық шабуыл жасады деп айыптайды. Мәскеу Скрипальді улауға қатысы барын жоққа шығарады. Лондон "Скрипаль ісін" тергеу аясында ресейлік 23 дипломатты елден шығарған. 20 шақты мемлекет Ұлыбританияға қолдау көрсетіп, жиыны 100-ден астам ресейлік дипломатты еліне қайтарып жіберген.

XS
SM
MD
LG