Accessibility links

Сирия Хомстағы әуе базасы зымыранмен атқыланғанын хабарлады


Хомс провинциясында орналасқан Сирия әскери-әуе күштерінің Т-4 әуе базасының картадағы орны .
Хомс провинциясында орналасқан Сирия әскери-әуе күштерінің Т-4 әуе базасының картадағы орны .

Сирия мемлекеттік БАҚ-ы Хомс провинциясында сириялық әуе базасы зымыранмен атқыланғанын хабарлады. Кейбір ақпарат бойныша, шабуылдан қаза тапқандар мен жараланғандар бар. АҚШ қарулы күштері Сирия аумағында әуе шабуылын жасамағанын хабарлады.

Сирияның мемлекеттік SANA агенттігі 9 сәуірде Хомс қаласына жақын орналасқан әуе базасына дүйсенбі күні таң ата шабуыл жасалғанын хабарлады. Агенттік әуелде Тайфур базасына "америкалық әуе күштері" шабуыл жасалғаны туралы хабарлаған еді, бірақ кейін шабуылды АҚШ-қа сілтеуден бас тартты.

Бұдан кейін Пентагон мәлімдеме жариялап, АҚШ Қорғаныс министрлігі қазір Сирияда әуе шабуылдарын жасамайтынын хабарлады. "Дегенмен, жағдайды жіті бақылап отырамыз және Сирияда химиялық қару қолданғандарды тежеу, оларды жауапқа тарту жөніндегі дипломатиялық әрекеттерді қолдаймыз" делінген Пентагон мәлімдемесінде.

Сирия мемлекеттік БАҚ-ы сириялық әуе қорғанысы күштері сегіз зымыранды қағып түсіргенін мәлімдеген. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Франция президенті Эммануэль Макрон "ықтимал химиялық шабуылға" қатысты "бірлескен батыл жауап қайтаруға" уәде берген.

Сириялық-америкалық медициналық қоғамның және Сирия азаматтық қорғаныс қызметінің хабарлауынша, сәуірдің 7-сі күні Шығыс Ғута аймағының көтерілісшілер бақылайтын Дума қаласында ықтимал химиялық шабуылдан 49 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Сирия бұл шабуылға қатысы барын жоққа шығарды.

XS
SM
MD
LG