Accessibility links

Роухани: АҚШ ядролық келісімді бұзса, өкініп қалады


Хассан Роухани, Иран президенті. Тегеран, 9 сәуір 2018 жыл.
Хассан Роухани, Иран президенті. Тегеран, 9 сәуір 2018 жыл.

Иран президенті Хассан Роухани Вашингтонды АҚШ егер 2015 жылы Тегеран мен әлемдік державалар арасында жасалған ядролық келісімді бұзатын болса, оған "өкінетінін" мәлімдеді.

"Біз келісімді бірінші болып бұзбақ емеспіз, бірақ олар келісімді бұзатын болса, онысына өкінетінін айқын түйсәнуі тиіс" деді Роухани 9 сәуірде Тегеранда Ирандағы ұлттық ядролық технология күніне арналған конференцияда.

"Бз бұған олар ойлағаннан да жақсы дайынбыз және олар келісімді бұзатын болса, оның салдарын бір апта, тіпті одан да аз уақытта көреді" деді Хассан Роухани.


АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін егер 12 мамырға дейін Тегеранның ядролық және зымыран бағдарламаларына жаңа шектеулер салынбаса, онда АҚШ келісімнен шығып, Иранға қарсы санкцияларды қайта салатынын ескерткен.

"Бұл джентельменнің АҚШ билігіне келіп, талап қойып жүргеніне және түрлі пікір айтып, құбылмалы мінез көрсетіп жүргеніне 15 ай болды" деді Иран президенті. Ол сонымен қатар "келісім іргетасының беріктігі сондай, 15 ай бойғы қысымға қарамастан оның құрылымы еш өзгермегенін" айтты.

Тегеран мен әлемдік алты держава 2015 жылы жазда Иранның ядролық бағдарламасын тоқтатып, есесіне бұл елге салынған экономикалық санкцияларды жою жөнінде келісім жасасқан.

XS
SM
MD
LG