Accessibility links

Сот шетелдік менеджер арызын толық қанағаттандырмады


Шетелдік менеджер Джордж Джозеф Диаб соттан шығып барады. Ақтау, 9 сәуір 2018 жыл.
Шетелдік менеджер Джордж Джозеф Диаб соттан шығып барады. Ақтау, 9 сәуір 2018 жыл.

Сәуірдің 9-ы күні Ақтау қалалық №2 соты шетелдік менеджер Джордж Джозеф Диабтың Caspian HESConsalting компаниясында жұмыс істегенін нақтылап, төленбеген еңбек ақысын алып беру туралы арызын ішінара қанағаттандырды. Судья Ақмарал Ахметова Джордж Диабтың бұл компаниямен қарым-қатынасы "2015 жылғы наурыздың 14-і мен 30-ы аралығында болғаны расталғанын" хабарлады.

- Диабтың бұдан басқа еңбекақысын төлеттіру туралы шағымы қанағаттандырылмайды. Себебі, талап арыз берудің заңды уақыты өтіп кеткен. Ол өзінің жалақысын ала алмағаны туралы 2015 жылдың ақпан, наурыз айларында не сотқа, не мемлекеттік органға шағымданбаған, -деп түсіндірді судья Ақмарал Ахметова.

Судьяның сөзінше, сот шешіміне бір ай ішінде наразылық білдіруге болады.

Бірақ америкалық менеджер Джордж Диаб мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, судья шешімді оның еңбек қатынастарының 2014 жылдың қыркүйегінде басталғаны туралы дәйектерін ескерместен шығарды.

- Маған жұмыс визасын компания ұзақ кешіктіріп, 2015 жылдың наурызында рәсімдеді. Бірақ оны алғанға дейін шақырушы тарап Caspian HESConsalting екені анық жазылған үш мәрте іскерлік визасы рәсімделді. Соттың оны есепке алмағаны таң қалдырды, - дейді ол.

Джордж Диаб жалақыcын алу үшін Қазақстанның барлық сот инстанцияларына шағымданатынын айтады.

62 жастағы Джордж Диаб - Калифорния штатының тумасы. Мамандығы инженер ол 1993 жылдан бері Қазақстандағы және басқа ТМД елдеріндегі ірі шетелдік компанияларда басшылық қызметтер атқарған. Ол былтырдан бері маңғыстаулық Caspian HESConsalting, SarmatEnergy компанияларында өндіріс саласын басқарғаны үшін тиісті еңбек ақысын сот арқылы даулап келеді.

XS
SM
MD
LG