Accessibility links

Ерімбетов ісімен танысу кестесіне шағым бойынша сот басталды


Ескендір Ерімбетовтің адвокаты Инесса Кисилева мен әкесі Мырзахан Ескендіров Медеу аудандық №2 соты алдында. Алматы, 9 сәуір 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетовтің адвокаты Инесса Кисилева мен әкесі Мырзахан Ескендіров Медеу аудандық №2 соты алдында. Алматы, 9 сәуір 2018 жыл.

Алматының Медеу аудандық қылмыстық істер жөніндегі №2 сотында бизнесмен, "алаяқтық жасау" және "қаржыны жылыстату" істері бойынша қамауда отырған Ескендір Ерімбетовтің құқығын қорғайтын адвокат Инесса Кисилеваның шағымы қаралды. Ерімбетовті адвокат Жанар Балғабаевамен бірге қорғайтын Инесса Кисилева "алаяқтық туралы" іс бойынша іс материалымен танысу кестесі туралы қаулы шығарған тергеуші Ж.Әріптің және оны бекіткен прокурор Б.Баймағамбетовтің іс-әрекетіне шағымданды. Судья Анина Байдәулетова бір күнде шағымды қарап бітіре алмағандықтан келесі сот отырысын 11 сәуірге белгіледі.

Жабық өткен сот отырысынан соң Инесса Кисилева Азаттық тілшісіне сотқа шағымы не туралы екенін түсіндіргенін, шағымда соттан тергеуші шығарып, прокурор бекіткен қаулыны заңсыз деп тануды және оны жоюды сұрағанын айтты. Ескендір Ерімбетовтің әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Мырзахан Ерімбетов адвокаттың шағымын қолдайтынын айтты.

Кисилеваның сөзінше, прокурор Баймағамбетов сотта Ерімбетов пен оның қорғаушыларының "алаяқтық ісі" бойынша сот материалдарымен танысу кестесі туралы тергеушінің наурыздың 3-і күні шығарған қаулысы заңды екенін мәлімдеді. Прокурордың өзі Кисилеваның шағымы бойынша ұстанымын білдіруден бас тартты.

Сотта тергеуші Ж.Әріп іс материалымен танысу кестесі өзінде жоғын, басқа тергеушіде екенін айтты.

Адвокат Кисилева тергеушінің іс материалымен танысу кестесі туралы қаулысына танысу мерзімі тым аз болғандықтан шағымданғанын айтады. Іс материалымен танысу кестесі Ермбетов пен оның адвокаттарына 3 наурызда берілгенімен, іс материалының өзі танысуға 20 наурызда ғана ұсынылған. Бұдан соң Наурыз мерекесіне байланысты бірнеше күндік демалыс басталған. Адвокат заң бойынша, мереке күндері жұмыс күні деп саналмайтынын айтады. Бірақ адвокат тергеуші мен прокурор сотталушы мен оның адвокаттарының демалыс күніне қатысты құқығын бұзып отыр деп санайды.

Судья бұдан соң тергеушіге келесі сот отырысына іс материалымен танысу кестесін алып келуді сұрады.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі былтыр 13 қарашада тұтқындалған. Тергеу дерегінше, олар БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовқа сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен. Туыстары Ерімбетовті кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды. Ерімбетовке қатысы "алаяқтық жасау" және "қаржы жылыстату" баптары бойынша жеке-жеке сот өндірісі ашылған.

15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі ай қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 19 қаңтарда Алматы қаласының апелляциялық соты Ескендір Ерімбетовті қамау туралы шешімді "заңды" деп тапқан. 6 наурызда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 мамыр) ұзартқан.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 24 қаңтарда 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында "азаптап жатыр" деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.

Оқи отырыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті

Ерімбетовтің туыстары "абақтыда оны азаптап, қысым көрсетті" деп мәлімдеген. Билік Ерімбетовке қысым жасау шағымы бойынша іс қозғағанымен, кейін "қылмыс құрамы жоқ" деп істі жапқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG