Accessibility links

БЖЗҚ экс-басшысын 12 жылға соттауды сұрады


Руслан Ерденаев, БЖЗҚ-ның бұрынғы басшысы.

Алматының мамандандырылған ауданаралық сотында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаржысын жымқыру ісіне қатысты соттың жарыссөзі аяқталды деп хабарлады жергілікті агенттіктер. 9 сәуірде өткен сот отырысында прокурор қордың бұрынғы басшысы, "қор қаржысын талан-таражға салды және пара алды" деп айыпталған Руслан Ерденаевты 12 жылға соттауды сұрады. Прокурор бұған қоса Ерденаевтың "қылмыстық жолмен тапқан 235 миллион теңге қаржысын" тәркілеуді және мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айыруды сұрады.

Прокурор соттан БЖЗҚ басшысының бұрынғы орынбасары Дабыр Медетбековті 11 жылға соттауды және қылмыстық жолмен тапқан 235 миллион теңге қаржысын тәркілеуді сұрады.

Мемлекеттік айыптаушы бұған қоса осы іс бойынша сотталушылар - БЖЗҚ қауіп-қатерді басқару департаментінің бұрынғы басшысы Мұса Бахтовты жеті жылға, "Бузгул Аурум" компаниясын құрған Бақытжан Кенжебаевты сегіз жылға, осы компания директоры Азат Найзағаринді 10 жылға соттауды сұрады. Ал "Мегатрансазия" компаниясы директорының бұрынғы орынбасары Талғат Тұртаевқа бас бостандығынан айыру жазасын кесуді, бірақ рақымшылық заңын қолданып, зот залынан босатуды сұрады.

Прокуратура ақпаратына қарағанда, Руслан Ерденаев пара алды деп, ал Азат Найзағарин "пара беруге болысты" деп айыпталған. Талғат Тұртаев болса "пара алу, беруде делдалдық жасады" деп айыпталып отыр.

Іс материалы бойынша, БЖЗҚ-нің лауазымды тұлғалары компания басшысынан БЖЗҚ-ның "БузгулАурум" компаниясының облигацияларын алу туралы келісім жасасқаны үшін аса ірі көлемде пара алған. Тергеу материалдарына қарағанда, қауіп-қатерді басқару департаменті бұған дейін "қауіп-қатер барын" айтып, "БузгулАурум" облигацияларына инвестиция салмауға кеңес берген.

Бұл іс бойынша сот былтыр 15 қарашада басталған. Былтыр 2 қарашада болған алдын ала сот тыңдауында Руслан Ерденаевтің "айыбын мойындағаны" хабарланған.

БЖЗҚ-да жұмыс істейтін, зейнет жасына толмаған қазақстандықтардың міндетті зейнетақы жарнасы жиналады. Қор активтерін инвестициялау операцияларын тексеру 2016 жылы 21 желтоқсанда басталған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG