Accessibility links

Төлеев Кемерово облысы парламентінің төрағасы болып сайланды


Аман Төлеев, Кемерово облысы парламентінің төрағасы.

Кемерово облысының бұрынғы губернаторы Аман Төлеев Кемерово облысы халық депутаттары кеңесінің төрағасы болып сайланды. Мұндай шешім аймақ парламентінің кезектен тыс сессиясында қабылданды деп хабарлайды РИА "Новости". Құпия дауыс беруде жалғыз кандидат - Төлеевті 39 депутаттың 38-і қолдаған.

3 сәуірде Төлеев депутаттық мандат иеленген. 9 сәуірде облыс парламентінің басшысы Алексей Синицын өкілеттігінен мерзімінен бұрын бас тартқан. Оның орнына Төлеевті "Единая Россия" партиясы ұсынды. Ал "Единая Россияның" Мемлекеттік думадағы фракциясының басшысы Сергей Неверов бұған қарсылық танытқан. "Халық мұндай шешімді түсінбейді" деген Неверов. Кремль бұл жағдайға араласқан жоқ.

1 сәуірде Кемерово облысының басшысы Аман Төлеев "Зимняя вишня" сауда және ойын-сауық орталығында 64 адам қаза тапқан өрттен соң отставкаға кеткені белгілі болған. Мұның алдында Кемерово тұрғындары стихиялы түрде өткізген митингіде Төллевтің отставкаға кетуін талап еткен. Сол кезде Семеровоға барған Ресей президенті Владимир Путин мұндай мәселелер "камера астында" шешілмейтінін мәлімдеген.

Төлеевтің өзі қайғылы оқиғаға Путиннің алдында кешірім сұраған. Ол алаңға шыққан қала тұрғындарын "шатақ іздеушілер" деп атаған.

Оқи отырыңыз: Шенеунік сөзі шерліні күйзелтті

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сауда орталығындағы өрттен 64 адам қаза тауып, 40-тан астам адам жараланған. Құрбандардың көпшілігі - балалар.

XS
SM
MD
LG