Accessibility links

Алматыда журналиске қатысты сотқа лингвист маман шақырылды


Журналист Серікжан Мәулетбай және адвокаты Жанна Уразбахова сотта отыр. Алматы, 3 сәуір 2018 жыл.
Журналист Серікжан Мәулетбай және адвокаты Жанна Уразбахова сотта отыр. Алматы, 3 сәуір 2018 жыл.

10 сәуір күні Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында журналист Серікжан Мәулетбай мен informburo.kz сайтына қарсы шағым бойынша негізгі сот процесі басталды. Шағым беруші “Art Asia” туристік компаниясы журналист пен аталған ақпарат құралын іскерлік репутациясына нұқсан келтірді деп есептейді.

Шамамен жарты сағатқа созылған сот отырысында судья Дінмұхамед Адайбаев екі жақтың өтінішін қарады. Әуелі шағым беруші тарап сот отырысына лингвист маманды қатыстыру туралы өтініш айтып, бұл өтініші қанағаттандырылды. Бұдан бөлек, олар “туристік компания атына кір келтіретін мақаланың” Google іздеу жүйесінде бірінші шығатыны туралы құжат тапсырып, іске енгізуді өтінді. Сот бұл өтінішін қанағаттандырған жоқ.

Серікжан Мәулетбайдың адвокаты Жанна Уразбахова осы мәселе бойынша Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының төрайымы Светлана Романовскаяны куәгер ретінде іске тартуды сұрады. Адвокаттың пікірінше, ол туристік фирмалардың алаяқтығы мәселесінде сарапшы бола алады. Алайда оның бұл өтініші қанағаттандырылмады. Сот сонымен бірге жауапкер жақтың “Art Asia” компаниясы “басшысының үстінен қозғалған қылмыстық іс” пен “туристік компанияның алаяқтығынан зардап шеккен азаматтар” туралы ақпаратты іске қосу туралы өтінішін де қанағаттандырмады.

Бұдан соң екі жақтың сұрағына жауап беруі үшін лингвист маман шақырылды. Алайда ол судьяға іспен толық танысып үлгермегенін айтты. Судья Адайбаев лингвист маманға іс құжаттарымен танысуға бір апта беріп, сот процесін келесі сейсенбі – 17 сәуір, түскі сағат 15:20-ға белгіледі. Сотқа бақылаушы ретінде келген "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының заңгері Елена Малыгина Азаттыққа заң бойынша, шағымданушы тарап мақаланың көңіл толмайтын белгілі бір тіркестерін ғана құжатпен дәлелдеп, жоққа шығаруы тиіс екенін айтты. Шағымданушы тарап тұтас мақаланы сайттан жоюды талап етеді.

Сотқа шағым түсіруге негіз болған мақала 2016 жылдың қараша айында жарияланған. Журналист Серікжан Мәулетбайдың "Как турфирмы разводят лохов-туристов, не преступая закон" атты мақаласында туристерді таймшер арқылы алдайтын фирмалар туралы айтылған. "Art Asia" компаниясының өкілі бұған дейін сотта компанияның ешкімді алдамайтыны сот арқылы дәлелденгенін айтып, мақалада осы тұсы айтылмай қалды деп ақпарат құралын "біржақты ақпарат берді" деп айыптаған. Ал ақпарат құралы өкілдері туристік фирманың іскерлік беделіне нұқсан келгені туралы дәлел жоғын айтып, “тілші сұхбат алған адамының айтқан сөзіне жауап бере алмайтынын, мақалада пайдаланған ақпарат ашық ақпарат көзі екенін” айтқан.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG