Accessibility links

Ресей БҰҰ-да Сирия жөніндегі қарарға вето қойды


Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Василий Небензя Қауіпсіздік кеңесінің жиынында отыр. Нью-Йорк, 9 сәуір 2018 жыл.
Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Василий Небензя Қауіпсіздік кеңесінің жиынында отыр. Нью-Йорк, 9 сәуір 2018 жыл.

Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде АҚШ ұсынған Сириядағы химиялық шабуылды зерттеу механизмі жөніндегі қарар жобасына вето қойды. Жобаны 12 мемлекет қолдап, Ресей мен Боливия қарсы дауыс берді, Қытай қалыс қалды.

"Бұл қарар - химиялық шабуылға жауап беруге Қауіпіздік кеңесінің қолынан келетін абсолютті минимум болып саналады" деді БҰҰ жанындағы АҚШ елшісі Никки Хейли дауыс беру алдында.

БҰҰ-дағы Ресей елшісі Василий Небензяның мәлімдеуінше, тіпті егер мұндай қарар қабылданғанның өзінде тексеру механизмін құрудың өзіне бірнеше ай уақыт кетеді.

"Сіздер Сирияның Дума қаласында химиялық шабуыл іздері анықталмады деген уәжді тыңдағыларыңыз келмейді" деді ресейлік дипломат.

Сәуірдің 7-сі күні Сирияның Шығыс Ғута аймағындағы көтерілісшілер бақылайтын Дума қаласында ықтимал химиялық шабуыл жасалып, кем дегенде 60 бейбіт тұрғын қаза тапқан, жүздеген адам зардап шеккен. АҚШ пен Батыс елдері шабуылды Сирия үкіметі әскерінен көріп, Ресейді Сирияда химиялық қаруды жою уәдесін орындай алмады деп айыптаған. Ресей мен Сирия химиялық қару қолданылғанына "дәлел жоғын" айтады.

XS
SM
MD
LG